Абай облысында жылыту маусымына дайындық бекітілген кестеге сай жүргізілуде
Өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары 1 қазанға дейін толық аяқталмақ. Осыған орай Өңірлік коммуникациялар қызметі ерекше форматта БАҚ өкілдері үшін арнайы баспасөз турын ұйымдастырды. Журналистер ЖЭО-1, Орталық жылу пункті 15/1, «Жігер СТ» ЖШС, «Орталық» қазандығы және Семей қаласының Сроства ауданындағы су құбыры құрылысының барысымен танысып, маңызды сауалдарға жауаптарын алды.

Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейтқановтың айтуынша, өңір алдағы 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына толық дайын.
— Облыс халқының көмірге жалпы қажеттілігі 567 мың тоннаны құрайды. Осы орайда облыс тұрғындарын көмірді алдын ала сатып алып, қажетті қор жинап қоюға шақырамын. Көмірді ерте сатып алу – тек өз отбасыларыңыздың жылу қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, маусым басталған кезде туындайтын ұзын-сонар кезектердің, көмір тапшылығы мен бағаның өсу қаупін болдырмауға мүмкіндік береді. Жыл сайынғы тәжірибе көрсеткендей, тұрғындар көмірді соңғы сәтке қалдырған жағдайда жеткізу барысында қиындықтар туындайды. Сондықтан көмірді қазірден бастап сатып алу – тұрғындарға да, жеткізушілерге де қолайлы. Баршаңызды жауапкершілікпен қарап, жылыту маусымына дер кезінде дайындалуға шақырамын, – деді басқарма басшысы.

Спикердің мәліметінше, қазіргі уақытта жылыту маусымына дайындық жұмыстары штаттық режимде және бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Атап айтқанда, 3 қала мен 5 ауданда орналасқан 23 жылу көзінде және 24 шақырым жылу желісінде құрылыс, жаңғырту және ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда. Бұл мақсатқа жалпы 11 миллиард 800 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген.
#Абайская область, #отопительный сезон