Абай облысында жылыту маусымына орай өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді

Абай облысында жылыту маусымына орай өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді

Өңірде 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында тұрғын үй секторында профилактикалық жұмыстың бірінші кезеңі басталды. Ерекше назар әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтардың үйлеріне аударылуда. Себебі жыл сайын өрт оқиғаларының басым бөлігі жеке тұрғын үйлерде тіркеледі.

Абай облысы ТЖД бастығының орынбасары Алексей Штыкельдің мәліметінше, 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне барып, тексеру жүргізіліп жатыр. Мұндай алдын алу шаралары өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтарды анықтауға және түсіндіру жұмыстарына мүмкіндік береді.

– Статистикаға сәйкес, ең қауіпті аймақ – тұрғын үй секторы. Өрттердің шамамен 70 пайызы және адам өлімі жағдайларының 90 пайызы осы секторға тиесілі. 2024–2025 жылғы жылыту маусымында облыста 304 өрт тіркелді, бұл алдыңғы кезеңмен (211 жағдай) салыстырғанда 44 пайызға көп. Өрт салдарынан 12 адам зардап шегіп, 9 адам қаза тапты, олардың ішінде екі бала бар. Қайғылы оқиғалардың басты себептері – балаларды қараусыз қалдыру және мас күйінде төсекке жатып шылым шегу, – деп атап өтті спикер.

Өрттен бөлек, жалын шықпай-ақ көмірқышқыл газынан улану деректері де тіркелген. Өткен маусымда 11 адам қаза тапты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп. Дегенмен әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы отбасылардың үйлеріне орнатылған көмірқышқыл газының датчиктері тиімділігін дәлелдеді. Семей мен Жарма ауданында дер кезінде іске қосылған құрылғылардың арқасында төрт адамның, соның ішінде бір баланың өмірі сақталып қалды.

Өңірде халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына датчик орнату бағдарламасы жалғасуда. 2025 жылы мұндай отбасылардың саны 30 пайызға артып, 6 733-ке жетті. Бүгінгі күні олардың барлығы толықтай датчиктермен қамтамасыз етілген.

– Тұрғын үй секторындағы жағдай ерекше назарды қажет етеді. Өрт пен адам өлімі деректерінің өсуін көріп отырмыз, сондықтан тәуекел тобындағы отбасылармен мақсатты профилактикалық жұмыстар жүргізудеміз. Ең бастысы, көмірқышқыл газының датчиктері шын мәнінде адам өмірін сақтап қалатынын соңғы жылдардағы тәжірибе айқын көрсетті, – деп түйіндеді Алексей Штыкель.


#Абайская область, #отопительный сезон