Абай облысының 2025 жылғы су тасқынына дайындығы
2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде Абай облысының бірнеше ауданында жергілікті атқарушы органдарының жұмысы тексеріліп, бағалау жүргізілді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. Тексерулердің басты мақсаты — су тасқыны қаупін азайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бесқарағай, Ақсуат, Көкпекті, Жарма және Бородулиха аудандарында жүргізілген тексерістердің нәтижесінде, бірнеше маңызды қорытындылар жасалды.
Бесқарағай ауданы
Бесқарағай ауданында 12 елді мекен су тасқыны қаупі жоғары аймаққа жатады. Бұл елді мекендерде 1683 адам тұратын 492 тұрғын үй бар. Бұған қоса, Бесқарағай ауданы 2015, 2017 және 2019 жылдары да су тасқынынан зардап шеккен. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар су тасқынының алдын алу мақсатында бірқатар шаралар қабылдаған. Мысалы, Кривинка, Жетіжар, Бесқарағай және басқа да елді мекендерде 13 су сақтаушы құрылғы орнатылып, арналарды кеңейту және тазарту жұмыстары жүргізілген. Бұл шаралар елді мекендерді су басудан қорғауға, су тасқыны кезеңінде артық суды дер кезінде бұрып жіберуге бағытталған.
Ақсуат ауданы
Ақсуат ауданына қарасты тоғыз елді мекен де су тасқыны қаупі бар аймақтардың қатарында. Олардың ішінде Көкжыра, Ойшілік, Құмкөл, Қызылкесік ауылдарында су басу қауіпі жоғары болып есептеледі. Ауданның климаттық жағдайы су тасқынына бейім, әсіресе көктемгі кезеңде қардың еруі мен жауын-шашын әсерінен су деңгейі айтарлықтай көтеріледі. 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында Ақсуат ауданында бірқатар маңызды іс-шаралар атқарылды. Атап айтқанда, Көкжыра-Серіктес автожолындағы көпірді жөндеу жұмыстары, Құмкөл ауылына кіреберіс жолдағы көпірді жөндеу және арналарды тазарту жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, Қызылкесік ауылы ішінде су арналары қазылған. Қарағанды-Аягөз-Боғас-Кіндікті автожолындағы көпірді жаңарту жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл -аудандағы су тасқынының алдын алу шараларының бірі. Сонымен қатар, Үштөбе және Кіндікті ауылдарының маңындағы су өткізгіш құбырлар мен көпірлерді жаңарту жұмыстары сәтті аяқталған. Жергілікті тұрғындар су тасқыны жағдайында эвакуациялау пункттерімен таныстырылып, қажетті материалдар дайындалған.
Көкпекті ауданы
Көкпекті ауданында 12 елді мекен су тасқыны қаупі жоғары аймаққа жатады. Тексеру барысында анықталғандай, бұл аудандағы жұмыстардың бір бөлігі уақытында орындалып, кейбірінің жұмысы әлі жалғасуда. Аудан бойынша су тасқыны қаупін төмендету үшін Үлкенбөкен және Кокпекті су қоймалары сияқты су нысандарының техникалық жағдайын жақсарту, арналарды тазарту жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, Тентек өзені бойында арналарды тазарту мен жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді.
Бородулиха ауданы
Бородулиха ауданына қатысты 5 елді мекенде су тасқыны қаупі бар. Переменовка, Красный Яр, Новопокровка, Орловка және Речное елді мекендеріндегі тұрғын үйлер су тасқыны қаупіне ұшыраған аймақтар болып табылады. Аудандағы 19 алдын алу шарасының ішінен Жұра өзенін тазарту жұмыстары толығымен аяқталған. Сонымен қатар, Бородулиха-Успенка жолына қосымша су өткізу құрылғылары орнатылуда. Бұл - су тасқынын болдырмауға көмектеседі. Қалған 16 шара әлі жүзеге асырылып жатыр.
Жарма ауданы
Жарма ауданы су тасқынына дайындық жұмыстарын белсенді түрде жүзеге асырып жатыр. Ауданның әртүрлі бөліктерінде арналар мен көпірлерді тазалау жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, Қарасу өзенінің арнасын тазарту және Шар өзенінің бойында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар су тасқыны қаупін азайтуға және су деңгейін бақылауда ұстауға бағытталған. Сонымен қатар, Шар-Темір жолы аумағында су өткізу құбырлары мен көпірлерді жөндеу жұмыстары жүргізілуде, бұл көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Аудан бойынша су тасқынын болдырмау мақсатында инженерлік қорғаныс жүйелері нығайтылып, арналарды тазарту мен құбырларды жаңарту шаралары қолға алынған. Жергілікті тұрғындар су тасқыны жағдайында эвакуациялау пункттерімен таныстырылып, қажетті материалдар дайындалуда. Су тасқыны жағдайына байланысты тұрғындарды хабардар ету жүйесі де дайындалған.
2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысында Ақсуат, Бесқарағай, Көкпекті, Жарма және Бородулиха аудандарында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды. Аудандық және облыстық деңгейде су тасқынының алдын алу жұмыстарының уақытылы және тиімді жүргізілуі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жұмыстар алдағы көктемде су тасқынының зиянды әсерін азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
#Абайская область, #ДЧС, #паводки