Абай облысының әкімі көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейтуді тапсырды
Облыс әкімі Берік Уәли кеңейтілген аппараттық жиын барысында Семейдегі аспалы көпір күрделі жөндеуден өтуі үшін жасалуға тиіс жобалық сметалық құжаттаманың ұзаққа созылып кеткенін сынға алды. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Көпірдің салынғанына 25 жыл болды. Президент 2022 жылы қыркүйекте Семейге келгенде көпірдің жобалық сметалық құжаттамасын жасауды тапсырған болатын. Екі жарым жыл болды, әлі жасалып жатыр. Былтыр Семейге келген көпірдің 25 жылда бірде бір рет жөнделмегеніне жапондардың өзі таңғалып кетіпті. Бұл көпір арқылы жылына 700 мыңға жуық жүк көлігі өтеді. Сондықтан жұмысты жандандыруымыз керек» деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі Президент тапсырмаларын уақтылы әрі сапалы орындауды қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді.
«Мен мемлекеттік қызметкерлердің жалған ақпарат беруіне, өзіне жүктелген функционалды міндеттерін немқұрайлы атқаруына жол бермеймін. Өздеріңіз көріп отырғандай, Мемлекет басшысының тапсырмалары тиісті деңгейде орындалмаған. Есеп дұрыс берілмеген. Жауапты мемлекеттік қызметкерлер жұмысты әлсіз жүргізген. Мемлекет басшысының, Премьер-министрдің, Президент әкімшілігі басшысының тапсырмаларын сапалы орындалуын қатаң бақылауға аламыз» деді аймақ басшысы.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі қала-аудан әкімдеріне көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейтуді, қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
«Көктемгі су басудың қауіпті кезеңі Президенттің тікелей қадағалауында. Осы аптада Үкімет басшысы мен Президент әкімшілігінің басшысы су тасқынының алдын алуға байланысты үлкен жиын өткізді. Сондықтан сақтық шараларын күшейтіңіздер. Осы кезеңді төтенше жағдайсыз өткізуіміз керек» деді аймақ басшысы.
#Абайская область, #Аким области Абай, #паводки, #Берик Уали