Әскерге көктемгі шақыру аяқталды, күзгі науқанға дайындық басталды

Әскерге көктемгі шақыру аяқталды, күзгі науқанға дайындық басталды

​Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес еліміздің барлық өңірінде 18-27 жас аралығындағы азаматтарды 2026 жылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны толық аяқталды.​

​Абай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Мейірхат Саябаевтың айтуынша, көктемгі шақыру науқаны белгіленген жоспарға сай ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті.

​– Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны барысында Абай облысынан денсаулығы жарамды 637 азамат Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, сондай-ақ басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қатарын толықтырды. Барлық іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес орындалды, – деді подполковник.

Оның айтуынша, мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары биыл күзде де жалғасады. Күзгі шақыру науқаны қыркүйек айынан желтоқсан айына дейін жүргізіледі.

​Жоспарға сәйкес, күзгі мерзімді әскери қызметке Абай облысынан 700-ден астам азамат аттанбақ. Олар медициналық тексеруден өтіп, кәсіби-психологиялық іріктеуден кейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері мен басқа да әскерлері және әскери құралымдарына жіберіледі.

​Мерзімді әскери қызмет – әрбір азаматтың Отан алдындағы конституциялық борышы. Әскер қатарында жас сарбаздар әскери даярлықтан өтіп қана қоймай, тәртіпке, жауапкершілікке, патриоттық рухқа тәрбиеленіп, өмірлік тәжірибе жинақтайды.

​Абай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті күзгі әскерге шақыру науқанына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. Әскерге шақыруға жататын азаматтар мен олардың ата-аналары шақыру қағаздарын алғаннан кейін жергілікті қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерге уақытылы келуі қажет.


#Абайская область, #военный, #Абайский региональный гарнизон, #солдат