Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері жылына бір рет пойызбен тегін қатынай алады

Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері жылына бір рет пойызбен тегін қатынай алады

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне пойызбен тегін қатынау құқығын іске асыруға арналған кешенді іс-шара өтті. Жиын барысында жеке құрамға жаңа әлеуметтік бастаманың мазмұны жан-жақты түсіндіріліп, оны өңірлерде тиімді жүзеге асыру жолдары кеңінен талқыланды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі ҚР ІІМ ҰҰ Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.       

Іс-шара аясында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасындағы барлық күштік құрылымдардың әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелері жылына бір рет ел аумағында жолаушылар пойыздарымен тегін қатынай алатыны туралы нақты ақпарат берілді. Бұл бастама әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерімен бірге сапарлау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Ақпараттандыру барысында «Жолаушылар тасымалы» АҚ Тасымалдау экономикасы және есебі департаментінің бас менеджері Айнұр Базарбаева тегін жол жүру құқығы тек Қазақстан аумағындағы жолаушылар пойыздарына ғана қолданылатынын атап өтті. Сонымен қатар, аталған шығындар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қаражаты есебінен өтелетінін түсіндірді.

Жиынға қатысқан «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ тариф саясаты департаментінің директоры Диас Түсіпбеков әскери қызметшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, жеңілдікті пайдалану кезінде туындауы мүмкін техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерге тоқталды. Ол жаңа бастаманы іске асыру барысында рәсімдеу тәртібі мен өзара іс-қимыл тетіктерінің маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара қорытындысында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов бұл бастаманың әскери қызметшілер үшін маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, белгіленген талаптарды қатаң сақтау әлеуметтік қолдаудың тиімді жүзеге асуына негіз болады. Генерал-майор Қайрат Үмбетов аталмыш бастама әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға, демалысты алдын ала жоспарлауға және жол шығындарын едәуір азайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді. Жаңа әлеуметтік қолдау шарасы әскери қызметтің беделін арттырып, жеке құрамның әлеуметтік әл-ауқатын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.


#Национальная гвардия, #военнослужащий, #поезд