Әскери-патриоттық тәрбие – болашақ сарбаздардың негізі

Әскери-патриоттық тәрбие – болашақ сарбаздардың негізі

Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде “Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні оқытушы-ұйымдастырушыларының кәсіби құзыреттілігін дамыту” тақырыбында республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Бұл іс-шара Абай облысының білім беру ұйымдарындағы алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушылары мен әдіскерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған.

Конференцияға ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаменті және оған қарасты “Семей” шекара басқармасының әскери қызметшілері қатысты. Сондай-ақ, жиынға ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, полковник Рахматуллаев Анвар Бахтиярович қатысып, патриоттық іс-шаралардың маңыздылығы туралы баяндама жасады. Ол жас сарбаздарды дайындау, шекара қызметінің атқарып жатқан жұмыстары және жастарды әскери қызметке тарту мәселелеріне ерекше тоқталды.

Сонымен қатар, конференцияға “Шығыс” өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Әжібаев Дархан Саттарұлы, Абай облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау басқармасының бастығы майор Асқаров Димаш Николаевич, “5511” әскери бөлім командирінің орынбасары, Жас ұлан мектеп-лицейінің оқушылары да қатысты.

Іс-шара аясында Қорғаныс министрлігінің оркестрі мен ансамблі өнер көрсетіп, қатысушыларға ерекше патриоттық рух сыйлады. Мұндай шаралар жастардың отансүйгіштік қасиетін қалыптастыруда, әскери қызметке деген қызығушылығын арттыруда маңызды рөл атқарады.

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері жас ұрпақтың әскери дайындық деңгейін көтеруге бағытталған іс-шараларды әрі қарай да ұйымдастырып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу жолында аянбай еңбек ететіндерін атап өтті.


#Абайская область, #военный, #солдат