Әскери психологтар стрестік бұзылыстардың алдын алу мәселесін талқылады
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде әскери қызметшілердің психологиялық жай-күйіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта «Стрестік бұзылыстардың белгілері бар әскери қызметшілерді ерте диагностикалау және сүйемелдеу» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды,-деп хабарлайды abaidan.kz Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған шараға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер менгарнизондағы әскери бөлімдердің психологтары, сондай-ақ Әлихан Бөкейхан университетінің оқытушылары қатысты. Мамандар әскери қызметшілер арасында кездесетін стрестік жағдайлардың себептері, оларды ерте кезеңде анықтау жолдары және алдын алу шаралары жөнінде тәжірибе алмасты.

Дөңгелек үстелдің өткізілуі өңірдегі әскери бөлімдерге жас сарбаздардың толығуымен тығыз байланысты. Биыл өңірге екі мыңнан астам сарбаз келген болса, олардың 200-ден астамы психологтардың бақылауына алынған. Қазіргі жастардың кейбірі әскери өмірге толықтай дайын болмағандықтан, жаңа ортаға бейімделу барысында стрестік жағдайларға тап болады.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының психологы подполковник Әсел Қасымжанованың айтуынша, стрестік бұзылыстарды ерте диагностикалау – олардың асқынуының алдын алудың тиімді жолы. Осы мақсатта психологтар түрлі психологиялық тестілеу, жеке және топтық әңгімелесу, бақылау әдістерін қолданады. Сонымен қатар жас сарбаздарға әскери қызметтің ерекшеліктерін түсіндіру, психологиялық қолдау көрсету жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.
Сала мамандары әскери қызметшілерді бейімдеу, олардың моральдық-психологиялық жағдайын жақсарту бағытында кешенді жұмыстарды қолға алуда. Бұл шаралар әскердегі тәртіпті нығайтуға, сарбаздардың қызметке деген жауапкершілігін арттыруға және жалпы ұжымдық ахуалды жақсартуға оң ықпал етеді.
Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, әскери қызметшілердің психологиялық саулығын қамтамасыз етуге бағытталмақ.
#Абайский региональный гарнизон, #Региональное командование "Восток", #военнослужащий