Аида Балаева: Балалардың жазғы демалысы қауіпсіз, сапалы әрі сауықтыруға бағытталған болуы тиіс

Аида Балаева: Балалардың жазғы демалысы қауіпсіз, сапалы әрі сауықтыруға бағытталған болуы тиіс

Бүгін Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.

Жиынға ҚР оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха, сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Премьер-министрдің орынбасары жазғы науқанға дайындық барысы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы, медициналық көмек және каникул кезеңінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері бойынша қатысушылардың ақпаратын тыңдады.

Аида Балаева балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру басым міндеттердің бірі екенін атап өтіп, бұл бағыт барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктерінің үйлесімді жұмысын талап ететінін айтты.

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес, биыл демалыс іс-шараларымен 3,2 млн баланы қамту жоспарланып отыр. Бұл – елдегі оқушылардың жалпы санының 86,2%-ы. Жазғы кезеңде балалардың демалысы жыл бойы жұмыс істейтін 20 орталықта, 179 маусымдық орталықта, сондай-ақ мектептер мен мектептен тыс ұйымдар жанындағы 10 894 орталықта ұйымдастырылады. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі білім беру-сауықтыру орталықтарын лицензиялау тәртібін жаңартты. Лицензиялар меншік нысанына қарамастан, ұйымдарға «Электрондық үкімет» порталы арқылы 5 жыл мерзімге берілетін болады. Осы жылдың 1 мамырына дейін барлық қажетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдауды аяқтау жоспарланып отыр.

Балалардың жазғы кезеңдегі мазмұнды әрі пайдалы бос уақытын ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Оқушылардың 97%-ын пайдалы қызмет түрлерімен қамту көзделіп отыр. Осы мақсатта шығармашылық, спорттық, туристік, зияткерлік және еңбек бағыттары бойынша бағдарламалар жүзеге асырылады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2026 жылғы жазғы сауықтыру маусымына дайындық аясында балалар демалысының санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар беру жұмыстары қолға алынған. Лагерьлер жұмысына рұқсат берудегі негізгі фактор олардың дайындық сапасы болатыны атап өтілді.

Сонымен қатар ведомство алғаш рет лагерьлердегі медициналық қызметті лицензиялау, сондай-ақ жазғы сауықтыру лагерьлерінің дәрігерлері мен мейіргерлеріне арналған балаларды медициналық қамтамасыз ету және сауықтыруды ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп, жаңа Тамақтану стандартының талаптарына сәйкес балалар сауықтыру ұйымдарына арналған перспективалық мәзір нұсқалары әзірленіп жатыр. Бұл жұмысты осы жылдың 10 мамырына дейін аяқтау жоспарланған. Премьер-министрдің орынбасары жазғы демалыс қауіпсіз, сапалы, танымдық әрі сауықтыруға бағытталған болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен бірге жазғы демалысты оқу процесінің жалғасына айналдырмау маңызды. Барлық тәрбие, экологиялық, мәдени және білім беру іс-шаралары балаларға қызықты, ойын түрінде әрі түсінікті форматта өткізілуі қажет.

Аида Балаева өңірлік штабтардың республикалық штабпен тығыз өзара іс-қимыл жасауы қажет екенін айтып, ең негізгі басымдық балалардың қауіпсіздігі екенін атап өтті. Бұл ретте үйлестіру жұмыстары мемлекеттік лагерьлерді де, жеке меншік балалар лагерьлерін де қамтуға тиіс. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, балалар сауықтыру лагерьлері қызметкерлерінің сапалық құрамына тексеру жүргізеді.

Жиынды қорытындылай келе, Аида Балаева жазғы демалыс бағдарламаларының мазмұнын сауықтыру, спорттық, мәдени, экологиялық және танымдық іс-шараларға басымдық бере отырып толықтыруды, балалар қатысатын көшпелі іс-шаралардың қауіпсіздік шараларын күшейтуді, тамақтану сапасына, ауыз суға және лагерьлердің санитариялық жағдайына ерекше бақылау орнатуды, мектеп жанындағы лагерьлердің дайындығына талдау жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды. Бұдан бөлек Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жасыл сабақтар» экологиялық жобасының элементтерін жазғы бағдарламаларға енгізуді тапсырды.