Ақ халат пен әскери антқа адал жан
8 шілде – Қазақстан Қарулы Күштеріндегі Әскери медицина күні. Бұл – әскери қызметшілердің денсаулығын қорғап, төтенше жағдайларда адам өмірін сақтап қалу жолында аянбай еңбек етіп жүрген әскери дәрігерлердің кәсіби мерекесі.

Осындай білікті мамандардың бірі – Абай гарнизонының әскери госпиталінің хирургия бөлімшесінің аға ординаторы, анестезиолог-реаниматолог дәрігер, медицина қызметінің майоры Әсем Асылбекқызы Ануарбекова.
Әсем Асылбекқызы бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданының Ақсуат ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Ақсуат орта мектебін тәмамдап, сол жылы Семей мемлекеттік медицина академиясының емдеу факультетіне оқуға түседі. Студенттік жылдары әскери дайындықтан өтіп, болашақ әскери дәрігер болудың алғашқы қадамын жасайды.

Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Семей мемлекеттік медицина академиясында «Анестезиолог-реаниматолог» мамандығы бойынша интернатурадан өтіп, өз кәсібінің қыр-сырын терең меңгереді. 2009 жылы Зайсан қаласының медициналық мекемесінде анестезиолог-реаниматолог дәрігер болып еңбек жолын бастайды.

Ал 2012 жылдан бері Семей қаласындағы әскери госпитальде қызмет атқарып келеді. Осы уақыт аралығында бірнеше жауапты лауазымдарды абыроймен атқарып, мол тәжірибе жинақтады. Қазіргі таңда хирургия бөлімшесінің аға ординаторы, анестезиолог-реаниматолог дәрігері ретінде әскери қызметшілер мен пациенттердің өмірі мен денсаулығына жауапты маңызды міндеттерді атқаруда.
Дәрігер болуды Әсем Асылбекқызы бала кезінен армандаған. Сол арманын мақсатқа айналдырып, бүгінде тек ақ халатты дәрігер ғана емес, әскери тәртіп пен антқа адал әскери дәрігер ретінде қызмет етіп жүр. Оның айтуынша, әскери медицина – тек кәсіби білімді ғана емес, жоғары жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін сала.

– Әскери дәрігерлер оқу-жаттығуларға және жұмылдыру жиындарына үнемі тартылып, оларды медициналық сүйемелдеу мен санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталуын қамтамасыз етеді. Біз кез келген жағдайда әскери қызметшілердің денсаулығын қорғауға әрдайым дайын болуымыз керек, – дейді Әсем Асылбекқызы.
Әскери медицина қызметінің ерекшелігі – оның тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеуінде. Әскери дәрігерлер ауруханалар мен лазареттерде кезекшілік атқарып, кез келген уақытта шұғыл медициналық көмек көрсетуге сақадай сай тұрады. Әрбір операция, әрбір құтқарылған өмір – олардың кәсіби шеберлігі мен адал еңбегінің нәтижесі.
Қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүрген Әсем Асылбекқызы жолдасымен бірге бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр. Ол өз ісіне деген адалдығы, кәсіби шеберлігі және әскери медицина саласына қосып жүрген үлесі арқылы әріптестеріне де, жас дәрігерлерге де үлгі болып келеді.
Әскери дәрігердің ең басты миссиясы – адам өмірін сақтау. Ал осы жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген Әсем Асылбекқызы сынды мамандардың еңбегі қандай құрметке де лайық.
#Врач, #Абайская область, #праздник, #военнослужащий, #присяга