Аударманың сапасы – мемлекеттік тілдің беделі

Аударманың сапасы – мемлекеттік тілдің беделі

Ақпарат – бүгінгі қоғамның басты капиталы. Ал сол ақпараттың қандай тілде, қандай сапада және қандай мәдениетпен ұсынылатыны – тұтас ұлттың рухани келбетіне әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары тек жаңалық тарататын алаң ғана емес, мемлекеттік тілдің күнделікті өмірдегі қолданысын қалыптастыратын, тілдік талғамды тәрбиелейтін қоғамдық институт. Бүгінде қазақ тілінде сөйлейтін аудиторияның саны артып келеді. Қазақша ақпаратқа сұраныс көбейді. Цифрлық платформалар, әлеуметтік желілер, подкасттар, бейнежобалар мемлекеттік тілдің жаңа тынысын ашты. Алайда осы жетістіктермен қатар, көзге көрінбейтін, бірақ күн сайын тереңдеп бара жатқан тағы бір мәселе бар. Ол – аудармадағы калька.

Калька – бір тілдің сөзін емес, ойлау жүйесін екінші тілге көшіріп алу. Бұл – қазақ сөзінің сыртқы қабығын сақтап, ішкі табиғатын өзгерту. Сондықтан калька мәселесі жай ғана аударманың кемшілігі емес, мемлекеттік тіл мәдениетінің сапасына қатысты мәселе. Өкінішке қарай, бүгінгі ақпарат кеңістігінде калька қалыпты құбылысқа айналып барады. Қоғамда «болып табылады», «ағымдағы жылы», «орын алды», «аталған мәселе бойынша», «өз кезегінде», «жүзеге асырылды» деген тіркестерді күн сайын естиміз. Ақпараттық сайттарда ресми хабарламалар сол қалпында жарияланады. Әлеуметтік желідегі мемлекеттік мекемелердің жазбалары да көбіне қазақша ойланбай, басқа тілдің құрылымын қайталайды. Мұның себебі түсінікті. Ақпарат ағыны күшейді. Жаңалықты тез беру қажет. Ресми құжаттардың басым бөлігі өзге тілде дайындалады. Кейде автоматты аударма бағдарламаларының көмегімен мәтін бірнеше минуттың ішінде жарияланады. Бірақ уақытты үнемдеу тілдің табиғилығын құрбан етуге себеп болмауы тиіс.

Қазақ тілі – бейнелі, ықшам, мағынасы терең тіл. Ол дайын үлгіні көшіріп алуды емес, ойды ұлттық таныммен жеткізуді талап етеді. Сондықтан жақсы аударма – сөздерді алмастыру емес, ойды қазақша жеткізу.Бұл жерде бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі ерекше. Себебі газеттегі бір сөйлем, телеарнадағы бір жаңалық немесе әлеуметтік желідегі бір жарияланым мыңдаған адамның сөздік қорына әсер етеді. БАҚ-та орныққан тілдік норма ертең қоғамның қалыпты қолданысына айналады. Егер бүгін кальканы қалыпты құбылыс деп қабылдай берсек, ертең қазақ тілінің табиғи өрнегі көмескіленуі мүмкін.

Қазіргі медиакеңістік мемлекеттік тілді дамытуға бұрын-соңды болмаған мүмкіндік беріп отыр. Жасанды интеллект негізіндегі редакциялау жүйелері, подкасттар, қысқа бейнероликтер, интерактивті инфографикалар, цифрлық платформалар – мұның бәрі мемлекеттік тіл саясатын жаңа деңгейде насихаттауға жол ашады. Бірақ технологияның тиімділігі оны қалай пайдаланатынымызға байланысты. Сандық құралдар мәтінді жылдам өңдей алады, алайда сөздің ұлттық реңін, көркемдігін және табиғи үндестігін адамның өзі ғана дәл бағалай алады.Сондықтан бүгінгі таңда бірнеше бағытқа басымдық берген жөн. Біріншіден, мемлекеттік органдардағы қазақ тіліндегі түпнұсқа құжаттардың үлесін арттыру қажет. Екіншіден, редакцияларда кәсіби тіл редакторларының жұмысын күшейту маңызды. Үшіншіден, журналистер мен аудармашылардың тілдік біліктілігін жүйелі түрде жетілдіру керек. Төртіншіден, әлеуметтік желілерде дұрыс аударма мәдениетін дәріптейтін тартымды медиажобалар көбейгені жөн. Бұл мемлекеттік тіл саясатын насихаттаудың ең тиімді жолдарының бірі болмақ.

Мемлекеттік тілдің тағдыры тек тіл мамандарының немесе журналистердің қолында емес. Ол – әрбір ақпарат өндірушінің, әрбір редактордың, әрбір блогердің, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Себебі тіл заңмен емес, қолданыспен өмір сүреді.

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» ,-деп Ахмет Байтұрсынұлы ұлттың болашағын тілдің тағдырымен байланыстырды. 

Бұл қағида бүгін де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Егер қазақ тілі ақпарат кеңістігінде табиғи қалпын сақтай алса, ол ғылымның да, экономиканың да, технологияның да, халықаралық коммуникацияның да тіліне айналады. Ал егер біз сөзбе-сөз аудармаға тәуелді болып қалсақ, мемлекеттік тілдің мүмкіндігін өзіміз шектейміз.

Сондықтан калькамен күресу – бір сөзді түзету емес, ұлттық ойлау жүйесін қорғау. Бұл – мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың маңызды бағыты. Ал бұқаралық ақпарат құралдарының басты миссиясы – қазақ тілінде тек ақпарат тарату емес, қазақша ойлайтын қоғам қалыптастыру. Өйткені мемлекеттік тілдің болашағы ресми құжаттарда емес, күн сайын оқылатын жаңалықта, көрілетін сюжетте, тыңдалатын подкастта, әлеуметтік желідегі әрбір сауатты жазбада қалыптасады. Қазақ тілінің қуаты – оның табиғилығында. Сол табиғилықты сақтау – бүгінгі журналистиканың да, мемлекеттік тіл саясатының да басты міндеті.


#общество, #СМИ, #язык, #казахский язык