Аймақ басшысы құрылыс нысандарын аралады
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев «Қарағайлы» шағын ауданындағы бірнеше әлеуметтік нысанда болып, жүргізіліп жатқан құрылыс барысын бақылады. Қазір аталған ауданда салынып жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды уақытылы пайдалануға қосу мен жылу тапшылығын болдырмау үшін жаңа блокты-модульді қазандық құрылысы жүргізілуде. Қуаттылығы сағатына 21,5 Гкал жететін қазандық «КАЗЭНЕРГОМАШ-Т» ЖШС қаражаты есебінен салынуда. Құрылыс жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Бүгінгі таңда жабдықтар мен құбырларды монтаждау, конструкциялармен жұмыс сынды шаруалар атқарылуда. №3 көтергіш-сорғы станциясы іске қосылды. Бұл салқындатқыштың өткізу қабілетін арттыруға және жаңадан қосылған нысандарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Ал 1200 оқушыға арналған жаңа мектептің негізгі құрылыс жұмысы аяқталуға жақын. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім мекемесі аталған аудандағы мектептегі орын тапшылығын шешуге ықпал етпек. Мердігер компания өкілінің айтуынша, нысанның ішкі жұмысымен қатар сыртқы жұмысы, инженерлік, электр желілерін тарту, ғимаратты қаптау қатар жүргізілуде.
Жыл соңына дейін құрылысты аяқтауды көздеп отырған мердігер мекеме қаңтар айында мектепке қажетті жиһаз, құрылғыларды орнатуды бастайды.
Аймақ басшысы мердігерлерге құрылыс жұмысын сапалы аяқтауды тапсырды.
#Абайская область, #строительство