Аймақ басшысы тау-кен өнеркәсібі қызметкерлерін марапаттады
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Жарма ауданындағы «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-де болып, металлургтер күніне орай қызметкерлерді салтанатты түрде марапаттады,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара барысында Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының карьер бастығы Асхат Жақияновқа «Құрмет» ордені, байыту фабрикасының ірілеп ұсақтау корпусы конвейерінің машинисі Ержан Қадырханов пен сүзу және кептіру бөлімі орау бөлімшесінің операторы Берік Құнанбаевқа II дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны автокөлік цехының қосалқы техника учаскесінің жүргізушісі Андрей Ивановқа «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ведомстволық наградасымен, III дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен кәсіпорынның келесі қызметкерлері марапатталды:
1. Гүлзада Жүнісбекқызы Кушелекова – сынама-талдау зертханасының химиялық талдау зертханашысы;
2. Ербол Берікболұлы Балтабеков – байыту фабрикасының сүзу-кептіру бөлімшесінің кептірушісі;
3. Ержан Қанашұлы Қадырханов – байыту фабрикасының ірілеп ұсақтау корпусы конвейерінің машинисі;
4. Евгений Владимирович Шнайдер – ашық тау-кен жұмыстары учаскесінің ЭКГ15 экскаваторының машинисі;
5. Сұлтан Берікболұлы Адуев – автокөлік цехының қосалқы техника учаскесінің жүк көтергіш жүргізушісі;
6. Иван Валентинович Третьяков – кен учаскесінің Komatsu автокөлігінің жүргізушісі;
7. Дильнара Қизатқызы Макенова – техникалық бақылау бөлімінің бастығы;
8. Андрей Александрович Савтенко – ашық тау-кен жұмыстары учаскесінің тау-кен шебері.
Шара барысында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев металлургтердің өңір мен елдің дамуына қосқан үлестерінің маңызын атап өтіп, олардың жұмысқа деген адалдықтары мен жетістіктері үшін алғысын білдірді.
«Металлургия – экономиканың базалық саласы, даму қарқыны. Облыста 470-тен астам өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Соның ішінде облыстағы тау-кен өнеркәсібіндегі негізгі кәсіпорындардың бірі болып табылатын «Бақыршық тау-кен өндіру» ЖШС-ін атап өткен жөн. Кәсіпорын өндірісті өркендетумен ғана емес, ауыл, аудан, облыс орталығының инфрақұрылымын жақсартуда жұмыстар атқаруымен үлгі көрсетіп келеді. Кәсіпорын күшімен Әуезов кентінде мәдениет үйі, ауыл тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету үшін жеке қазандық, жаңа электр стансасы салынып, электр желілері жаңартылды. Жолды күтіп ұстауға қаржы бөледі. Сондай-ақ, компания Семей қаласының көшелерін абаттандыру мен «Бейбітшілік» аралындағы балалар теміржолын қайта іске қосуға белсенді атсалысуда», - деді облыс әкімі.
Шара отандық эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
«Бақыршық тау-кен кәсіпорны» ЖШС қатты пайдалы қазбалар кен орындарын барлауға, пайдалануға және игеруге, бағалы металл кендерін өндіруге, сондай-ақ оларды өңдеуге, байытуға, сақтауға, тасымалдауға және алтын концентратын өндіруге маманданған. 2030 жылға дейін компания кенді ашық әдіспен өндіруді, кейіннен жерасты өндіруге көшуді жоспарлап отыр. Кенді өңдеу флотациялық байыту әдісімен жүзеге асырылады. Осыған байланысты зауыттың жылдық өндірістік қуаты 2,4 млн тонна кенді құрайды.
Кен өндіру және өңдеу көлемін жылына 2,6 млн тоннаға дейін ұлғайту және кен орнын жерасты өндіру жобасын әзірлеу жоспарда бар.
Кәсіпорын жылына 10 тоннадан астам концентратты алтын өндіреді.
#Абайская область, #Аким области Абай