Бақты бекеті жаңарып жатыр: Шығыс қақпасының мүмкіндігі кеңейеді
Бақты кеден бекеті аумағында ауқымды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жоба аясында кеден бекетінің өткізу қабілеті бірнеше есеге ұлғайып, жүк және жолаушылар ағынын жеделдетуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар жаңа терминалдар, цифрлық бақылау жүйелері мен кеңейтілген жол инфрақұрылымы іске қосылып, шекарадағы кептелісті азайту көзделген. Бұл халықаралық сауда айналымының артуына да оң әсер етеді. Ауқымды құрылыс жұмыстары үш жыл бұрын басталған. Соған қарамастан, Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік және жолаушылар қозғалысы тоқтаған жоқ. Қазіргі таңда бекетте жаңадан іске қосылған екі инспекциялық тексеру кешені жұмыс істеп тұр. Бұл жүйе арқылы жүк көліктері тоқтаусыз тексеруден өтеді. “Бақты” кеден бекетінің басшысы Алмас Әсетұлының айтуынша, қазіргі уақытта Қытай тарапынан келетін барлық жүк көліктері толық қабылданып жатыр.
«Қытай тарапынан “Бақты” кеден бекетіне шығарылған жүк көліктері түгел қабылданып, күніне 150 автокөлік кіріп жатыр. Жаңа іске қосылған инспекциялық тексеру кешенінің ерекшелігі қозғалыс үстінде жұмыс істеледі. Тексеру кешеніне кірген кезде жүк автокөлігі тоқтамай, әрі қарай шығып кетеді», – дейді ол.
Мамандардың мәліметінше, жаңғырту толық аяқталғаннан кейін бекет тәулігіне 500–600 автокөлік қабылдай алады. Ал жолаушылар өткізу көрсеткіші бір бағытта 150 адамнан 1000 адамға дейін өседі деп жоспарланған. Осыған байланысты кеден өткізу жолдары 6 жолаққа дейін кеңейтіліп, заманауи терминалдар салынуда. Жоба басшысы Азат Күншашов құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатқанын айтты.
«Жұмыс қарқынды. Ең бастысы монолиттік жұмыстар. Бетон құю. Жолды дайындап жатырмыз. Жол жұмыстары бізде қазір 60 пайызға тамамдалған. Сонымен қатар жер жұмыстары да аяқталып келе жатыр», – дейді жоба жетекшісі.
Мамандар жаңғырту жұмыстарын жыл соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр. Қазір Бақты арқылы тек автокөлік қатынасы жүзеге асырылса, алдағы уақытта мультимодальды тасымал жүйесін дамыту көзделген. Осы мақсатта Аягөз-Бақты темір жолы құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Темір жол іске қосылғаннан кейін Бақты бекетінің мүмкіндігі одан әрі кеңейіп, өңірдегі логистикалық әлеует арта түспек. Бұдан бөлек, жоба аясында мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар белсенді тартылған. Бақты ауылының әкімі Медет Ержанұлының айтуынша, темір жол құрылысы бірнеше учаскеде қатар жүргізілуде.
«“Аягөз-Бақты” темір жол құрылысының Мақаншы ауданына қарасты 85 шақырым жолағында 3 мердігер компания жұмыс істеп жатыр. Жалпы 95 техника жұмылдырылған. 120 адам жұмыспен қамтылған. Болашақта осы ауылдық аумаққа қарасты жұмыспен қамтуды ұлғайту жоспарда», – дейді ауыл әкімі.
Жалпы алғанда, Бақты кеден бекетін жаңғырту мен “Аягөз-Бақты” темір жолының құрылысы – тек өңір үшін ғана емес, ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы зор жобалардың бірі. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастамалар Қазақстанды Еуразиядағы ірі көлік-логистикалық хабтардың біріне айналдыруға негіз болады.
#Абайская область, #Китай, #Казахстан, #таможня