Байланыссыз ауылдар: интернет  жетпеген қазақстандықтардың өмірі

Байланыссыз ауылдар: интернет жетпеген қазақстандықтардың өмірі

Бүгінгі күні ауылда антенна-мачталық құрылыс салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленбеген

Мысалы, Қостанай облысының өзінде ғана 20 елді мекенде байланыс мүлде жоқ Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі tobolinfo.kz сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл — жай ғана статистикалық дерек емес. Оның артында білім алуға, дамуға және өмір сапасын жақсартуға мүмкіндігі шектеулі мыңдаған адамның тағдыры тұр. Тұрақты интернет пен ұялы байланыссыз төтенше жағдай қызметтеріне де жедел хабарласу қиын. Әсіресе халық саны аз ауылдарда бұл мәселе айқын сезіледі.

СТАТИСТИКА ТІЛІМЕН

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің деректеріне сәйкес, бүгінде елімізде 6 179 ауыл бар. Соның 1 123-інде жергілікті байланыс желісі мүлде жоқ. Бұдан бөлек, 3 мыңнан астам ауыл мен елді мекен сапалы интернетке қол жеткізе алмай отыр: 3G байланысы тек 2 704 ауылда, ал 4G — 2 608 елді мекенде ғана бар.

Қазақстанда ұялы байланыс GSM, UMTS және LTE форматтарында жұмыс істейді. Қызмет көрсететін операторлар:

  • «Кселл» АҚ (бақылау пакеті «Қазақтелеком» АҚ-на тиесілі) — Kcell және activ сауда белгілерімен;
  • «КаР-Тел» ЖШС — халықаралық «Veon» холдингінің еншілес компаниясы, Beeline, Beeline Business, izi брендтерімен;
  • «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС — 100% «Қазақтелеком» АҚ меншігінде, Tele2, FMOBILE, ALTEL брендтерімен қызмет көрсетеді.

Қостанай облысына келсек, 492 ауылдық елді мекеннің 20-ында байланыс мүлде жоқ. 370 ауылда желі сапасы жақсы (4G), ал 122 елді мекенде тек 2G және 3G желісі ғана жұмыс істейді. Байланыс мүлде жоқ ауылдарға Темір, Қазық, Басбек, Харьковка, Шевченковка, Құсақан, Хозрет, Тасыбай, Котлованное, Өрнек, Шадыксаевка, Панфилово, Қайға, Алуа, Заря, Ушаково, Дружба, Федосеевка, Теректі, Бегежан және Матросово кіреді. Аталғандардың жартысынан көбі — яғни 11 ауыл — Меңдіқара ауданында орналасқан.

СИГНАЛСЫЗ ШАҚЫРЫМДАР

«ТИ» тілшілері Қостанай облысының бірнеше ауылын аралап, байланыс пен интернет сапасының нақты жағдайын зерттеді. Әсіресе сигнал ең әлсіз саналатын ауылдарға басымдық берілді.

Майалап ауылы Қостанайдан небәрі 62 шақырым жерде орналасқан. Бірақ мұнда сапалы байланыс деген ұғым әлі күнге дейін жат.

— Өзім білгелі бұл ауылда ұялы мұнара болған емес, байланыс әрқашан нашар еді. Ұзақ уақыт бойы қарапайым батырмалы телефон қолдандым — заманауи телефон алудың мәні жоқ деп ойладым. Кейін қызым Астанаға көшіп, видеоқоңырау арқылы сөйлесу үшін смартфон алуға көндірді. Бірақ шын айтсам, пиксельге бөлініп тұрып қалған экраннан басқа ештеңе көрмеймін, — дейді ауыл тұрғыны Серік Амангелді. — Үйімнің жанынан Тобыл өзені ағып өтеді, жиі балық аулауға барамын. Телефонды өзіммен бірге алмаймын — бәрібір, бірдеңе болса да, хабарласа алмайсың. Осындай жағдайда өмір сүріп жатырмыз.

Облыстың оңтүстік бөлігінде Қарынсалды, Горняк, Саға, Құмшық және Бидайық ауылдарында ұзақ уақыт бойы тұрақты мобильді байланыс пен интернеттің жоқтығы тіркеліп келген

Мұнан бірнеше шақырым жерде, Меңдіқара ауданына қарасты Алқау ауылы бар. Ол Алешин ауылдық округіне кіреді. Мұнда бар-жоғы отыз шақты үй болса да, тіршілік бар. Бірақ байланыс шектеу қояды.

— Біздің ауылда базалық станция жоқ. Интернет тек көрші Борис-Романовкада (қазіргі И. Ф. Павлов атындағы ауыл) орнатылған Beeline мұнарасы арқылы ұстайды. Менің үйім жолға жақын болғандықтан, сигнал әлсіз болса да ұстайды. Көбіне телефон 2G көрсетеді, сирек 3G шығады, — дейді ауыл тұрғыны Майра Сәрсенова. — Ауылымыз шағын болған соң, билік мұнда байланыс тартуды қажет деп санамайтын сияқты. Ал балалар басқа ауылда оқиды, ер азаматтар егістікте жұмыс істейді — кейде хабарласа алмай, уайымдап отырамыз.

Тағы бір тұрғын — Кенжебике Жұмабаева — Степная көшесінде тұрады. Оның жағдайы тіпті қиынырақ.

— Мен Activ операторын қолданамын. Сигнал өте әлсіз. Хабарлама жіберу немесе қоңырау шалу үшін көшеге шығып, «бір сызық» көрсететін жер іздеймін, — дейді Кенжебике Сапарбекқызы. — Интернет нашар жұмыс істейді: бейнероликтер ашылмайды, әлеуметтік желілер жүктелмейді. Онлайн төлем мен коммуналдық қызметтерді төлеу туралы айтудың өзі артық. Халық үйреніп кеткендей, бірақ қиын — қазір байланыссыз өмір сүру мүмкін емес. Бір жақсылық болады деп үміттенеміз, басқа амалымыз жоқ.

Алқау ауылының тұрғындарына кем дегенде тағы екі жыл интернеттің жиі үзіліп тұруына төзуге тура келеді

Меңдіқара ауданы әкімдігі мәліметінше, 34 елді мекеннің ішінде «Қазақтелеком» АҚ-ның кең жолақты интернеті тек сегізінде бар: Боровское, Буденовка, Введенка, Каскат, Михайловка, Степановка, Первомайское және Ақсуат. Ауылдық округ әкімдігі түсіндіргендей, «Қостанай облысының елді мекендерін сапалы интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы» аясында Ақылқау ауылына 4G желісін қосу 2027 жылға жоспарланған. Ал әзірге тұрғындар қолда бар жағдаймен шектелуге мәжбүр.

ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯ — ТӨМЕН ЖЫЛДАМДЫҚ

Айталық, ауданның әкімшілік орталығы саналатын Боровской елді мекенінде байланыс мәселесі жоқ. Біраз уақыт жергілікті мектеп Starlink интернет жүйесін пайдаланып келген. Алайда іс жүзінде бұл жүйенің жиі шамадан тыс жүктелетіні және тұрақты қосылыс жетіспейтіндігі анықталған. Сол себепті мектеп «Қазақтелеком» АҚ-ның жоғары жылдамдықты интернетіне көшу туралы шешім қабылдаған.

— Биылғы қаңтар айынан бастап біз «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен келісімшартқа отырдық. Бұған дейін Starlink спутниктік интернетін пайдаландық, — дейді информатизация жөніндегі әдіскер Андрей Кононенко. — Жалпы жүйе жүктеме аз болғанда жақсы жұмыс істейтін. Бірақ бірнеше пайдаланушы қатар қосылған сәтте ақаулар басталатын: интернет жылдамдығы төмендеп, цифрлық сервистер кешігіп істейтін, ал білім беру платформаларына кіру мүмкіндігі шектелетін.

Адамдарды тек байланыс аумағының әлсіздігі емес, ұялы операторлардың тариф бағасы да алаңдатады. Себебі, төлем толық көлемде алынады, ал көрсетілетін қызмет сапасы көбіне оған сай емес.

БАЙЛАНЫС ЖОҚ

Алтынсарин ауданына қарасты Зуевка ауылының тұрғындары да әлсіз сигналға шағымданады. Алдыңғы ауылдармен салыстырғанда, мұнда екі жүзден астам адам тұрады, бірнеше дүкен бар. Онлайн-төлем жасау мүмкіндігі жақында ғана пайда болды, себебі бұған дейін интернет нашар болғандықтан тіпті банк қосымшасына кірудің өзі қиын еді.

Бүгінгі күні ауылда антенна-мачталық құрылыс салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленбеген

Жергілікті жалпы білім беретін мектепке интерактивті тақталар орнатылған, бірақ оларды үнемі қолдана беруге мүмкіндік жоқ: интернеттің нашарлығынан қажетті сайттар мен бейнежазбалар жиі ашылмай қалады.

— Байланыс мәселесі бізде бұрыннан бар. Он жылдан астам уақыт бойы Tele2 операторын қолданамын. Бұрын үзілістер болса да, интернет жұмыс істейтін, әлеуметтік желілерге кіріп немесе іздеу жүйесінен ақпарат табуға болатын. Ал соңғы екі жылда жағдай қатты нашарлады — сигнал сағаттап жоғалады, — дейді ауыл тұрғыны Ангелина Авдеева. — Менің тарифім — 5 790 теңге, бірақ интернетті толыққанды пайдалану мүмкін емес. Тіпті ұялы байланыс жиі жоғалып кетеді — шұғыл жағдайда не жедел жәрдемге, не полицияға хабарласа алмаймыз. Мұндай қиындықты оператор таңдауына қарамастан, ауылдағы көпшілік көреді. Қатты жел не боран соқса, байланыс мүлде үзіледі. Кейде екі-үш күн қатарынан хабарсыз қаламыз. Ал менің балам қалада оқиды — кейде оның жағдайын білу үшін де хабарласа алмай қиналамын.

«ЦИФРЛЫҚ КӨЛЕҢКЕДЕ» ҚАЛҒАН АУЫЛДАР

Ұқсас жағдай Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы Ақжайлау және Матабай ауылдарында да байқалады. Ауданда әлі күнге дейін 1 200-ден астам тұрғын цифрлық кеңістіктен тыс қалып отыр — электронды мемлекеттік қызметтер мен қашықтан оқуға қол жеткізе алмайды. Провайдерлер бұл аймақтарды экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп есептейді.

«Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, операторлар инфрақұрылымды дамыту жобаларын өздері жоспарлап, іске асырады және технологияларды енгізу мерзімі мен басымдықтарын өздері анықтайды

«ТИ» тілшілерінің анықтауынша, құжат жүзінде Ақжайлау ауылында байланыс бар деп көрсетілгенімен, шын мәнінде интернетке тек санаулы тұрғындар ғана қосылған. Олар — ескі сымды роутерлері бар адамдар.

Қалғандары не істемек? Бұл сұрақтың жауабы әзірге белгісіз.

Осындай жағдай Павлодар облысында да кездеседі. Мұнда тоғыз ауылда ұялы байланыс мүлде жоқ, ал екі елді мекен интернетсіз отыр. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының өкілдері мойындайды: барлық елді мекенге қолжетімді интернет жүргізу — өте қиын міндет. Негізгі себеп — инфрақұрылымның ерекшелігі мен экономикалық шектеулер.

Басқарма басшысы Ағыбай Әміриннің айтуынша, мәселені шешудің екі жолы бар:

біріншісі — байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелері аясындағы жобаларды іске асыру;

екіншісі — жергілікті атқарушы органдар есебінен антенна-мачталық құрылғылар орнатып, кейін оны желіге қосу.

ХХІ ҒАСЫРДА — БАЙЛАНЫССЫЗ

Қарапайым тұрғындар үшін байланыссыз өмір сүру — жай ғана қолайсыздық емес, толыққанды шектеу. ХХІ ғасырда адамды әлеммен байланысынсыз елестету қиын, бірақ кейбір ауылдарда дәл осындай жағдай. Олар қашықтан жұмыс істеу, онлайн оқу, цифрлық қызметтер пайдалану және туғандарымен еркін сөйлесу мүмкіндігінен айырылған.

Starlink жүйесінен бас тарту Боровской ауылындағы мектепте интернет байланысының сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік берді

Мұның айқын мысалы — Жаңақала ауылы. Мұнда 500-ден астам адам тұрса да, сапалы мобильді байланыс жоқтың қасы. Сигнал тек көшеде немесе аулада ұстайды, ал үй ішінде мүлде нашар. Тұрғындар өзгеріс күтіп отыр, бірақ үміттің үзіліп бара жатқанын жасырмайды.

Бір қарағанда, бұл — тұйық шеңбер. Жеке компаниялар мен провайдерлер үшін халық аз ауылдарға сапалы желі тарту тиімсіз. Мемлекет болса, мұндай елді мекендерді дамытқаннан гөрі, халық азайған соң қайта ұйымдастыруды оңай көреді. Ал ауыл тұрғындары туған жерінен кеткісі келмейді немесе кете алмайды. Сөйтіп, олар амалсыздан қолайсыздыққа төзіп өмір сүріп отыр.

РЕСПОНДЕНТТЕР ПІКІРІ

Қосымша ретінде біз Қостанай облысы тұрғындары арасында интернет байланысының сапасына қатысты өз сауалнамамызды жүргіздік. Зерттеудің мақсаты — ең өзекті және проблемалық аймақтарды анықтау болды.

Сауалнамаға 600-ден астам респондент қатысты: олардың 55%-ы ауылдарда, 30,2%-ы Қостанай қаласында, 14%-ы кенттерде, ал 1%-ы — бау-бақша серіктестіктерінде тұрады.

Тұрақты әрі сапалы байланыс мектепте ақпараттық технологиялар кабинетінің ашылуына жағдай жасады

Нәтижелер мынадай болды: 73,5% қатысушының негізгі байланыс түрі — мобильді интернет, 36,1% — мобильді роутер арқылы Wi-Fi, 30,5% — сымды интернет (оптикалық талшық, ADSL), ал 1%-дан аз тұрғын үйінде интернетті мүлде пайдаланбайды.

Пайдаланушылардың 50,5%-ы Beeline, 33,5%-ы Tele2 және Altel, 8,4%-ы Kcell және Activ операторларының қызметін пайдаланады, ал 8%-ы өзге операторларға жүгінеді.

Жалпы сауалнама көрсеткендей, респонденттердің 44,2%-ы байланыс сапасына мүлде риза емес және жиі желінің үзілуіне тап болады. Ең жиі кездесетін мәселелер ретінде тұрғындар интернет жылдамдығының төмендігін, кешкі уақытта сигнал сапасының нашарлауын, жоғары тарифтерді, жиі ажырап қалуды және үй ішінде сигналдың әлсіздігін атап өтті.

Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру басқармасында атап өтілгендей, бүгінде негізгі назар ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желісін кеңейтуге аударылған. Бұл жұмыс денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік мекемелер мен басқа да нысандарды қамтиды.

— Қазіргі уақытта басты мақсат — 4G желісінің қамту аймағын кеңейту, сондай-ақ антенна-мачталық құрылғылар орнату, базалық станциялар салу және оптикалық байланыс желілерін жүргізу, — дейді басқарма өкілдері. — Дегенмен, шалғай елді мекендердегі басты қиындық — тұрғындар санының аздығы. Мұндай жағдайларда геостационарлық емес спутниктік технологиялар қолданылатын болады.

Алайда, мұндай жабдықтарды пайдалану мәселені түбегейлі шешпейді. Мұны Starlink спутниктік жүйесін қолдану тәжірибесі де көрсетті: үлкен ауылдар мен мектептер үшін де мұндай байланыс қажетті жылдамдық пен тұрақтылықты қамтамасыз ете алмайды, әсіресе желіге бір мезетте көп адам қосылған жағдайда.

БАҚЫЛАУ «КҮТУ РЕЖИМІНДЕ»

Қазақстанда байланыс сапасын өлшеуді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты Телекоммуникациялар комитеті, сондай-ақ аймақтық байланыс инспекциялары жүргізеді. Тексерулер бекітілген жоспар-графиктер негізінде облыс орталықтарында, ірі қалаларда, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар бойында, сондай-ақ азаматтардың шағымдары бойынша жоспардан тыс өткізіледі.

Ретранслятордың дұрыс жұмыс істемеуі базалық станциялардағы радиожиілік жағдайына әсер етіп, оператордың жиіліктерінде кедергілер туғызады және басқа пайдаланушылар үшін байланыс сигналын бұғаттайды

Өлшеулер үшін арнайы жабдықталған көліктер — жылжымалы зертханалар пайдаланылады. Олар «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қарамағында. Нәтижесінде жиналған деректер талданады, ал егер көрсеткіштер бекітілген нормаларға сай келмесе, байланыс операторларына желіні оңтайландыру бойынша ұсынымдар беріледі немесе Әкімшілік кодекс шеңберінде айыппұл салынады.

Айта кету керек, 2024 жылғы шілдеден бастап ұялы байланыс сапасын бақылау өкілеттігі жергілікті атқарушы органдарға (ЖАО) берілгенімен, тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер әлі енгізілмеген. Соның салдарынан ЖАО өздеріне жүктелген функцияларды толық көлемде орындай алмай отыр.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 17 мамырдағы №311 қаулысына сәйкес, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы күшін жойған. Қазіргі уақытта Қостанай облысында ауылдық байланыс инфрақұрылымын дамыту «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы, телеком-операторлармен жасалған меморандумдар және облыстың интернетке кең жолақты қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі «Жол картасы» аясында жүзеге асырылуда.

Бұл қарапайым халық үшін нені білдіреді? Қазір байланыс сапасын бақылау жүйесі іс жүзінде «күту режимінде» тұр. Бұл өз кезегінде желіні жақсарту процесін баяулатады: операторлар уақтылы ескерту алмайды, модернизация жобалары кейінге шегеріледі, ал жаңа мұнаралар мен оптикалық желілер құрылысы баяу жүреді.

Сөйтіп, жақын арада шалғай ауылдардағы тұрғындар үшін интернет пен мобильді байланыс мәселесі өзекті күйінде қала бермек.

ҮМІТ БАР МА?

«ТИ» тілшісінің елді мекендерді тұрақты және сапалы байланыспен қамтуға кедергі келтіретін негізгі себептер жөніндегі сауалына министрліктен мынадай жауап берілді:

— Қазақстан — аумағы кең, халқы шашыраңқы орналасқан ел. Көптеген ауылдар бір-бірінен қашық орналасқан, бұл телекоммуникациялық инфрақұрылымды салуды техникалық тұрғыда күрделі әрі экономикалық жағынан қымбат етеді. Сондай-ақ қолжетімсіз аймақтар бар — жайылымдық алқаптар, таулы ауылдар, шалғайдағы кәсіпорындар, онда электр жарығы, көлік инфрақұрылымы немесе байланыс құрылғыларын орналастыратын алаңдар жоқ.

Мамандардың пікірінше, мобильді байланыс пен интернетпен 100% қамтуды көздейтін мақсат — амбициялық, бірақ орындалуы мүмкін, егер сөз халықтың тұрғылықты және жұмыс орындарын қамту жайында болса, аймақтың бүкіл географиясы туралы емес.

Жақсы интернет байланысы цифрлық платформаларды пайдалана отырып, интерактивті сабақтар өткізуге мүмкіндік берді

— Бүгінде байланыспен қамту тек технология мәселесі емес, сонымен қатар инфрақұрылым, жүйелі қызмет көрсету және операторлар, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы үйлесімділік мәселесі болып отыр. Резервтік қуат көзі, жабдықты жаңарту және талшықты-оптикалық инфрақұрылымды дамыту болмаса, барлық азаматтарға тең цифрлық мүмкіндік туралы айту мүмкін емес, — деп атап өтті «Қостанай облысы Азаматтық альянсы «ГрИн» ҚҚ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Динара Утебаева.

— Биыл Еуропалық Одақ жобасы аясында «Қостанай облысы журналистер одағы» ҚБ және «Ақпараттық-ресурстық орталық» ҚҚ өңірдің түрлі аудандарынан 620 тұрғын қатысқан сауалнама жүргізді. Көпшілігі электр жарығы өшкен кезде ауылдардың толықтай байланыссыз қалатынын атап өтті. Себебі базалық станциялар заманауи аккумуляторлармен немесе резервтік қуат көздерімен жабдықталмаған. Мұндай жағдай жуырда Қарасу ауданындағы Жалғызхан ауылында да анықталды: мұндағы «КаР-Тел» ЖШС-нің байланыс мұнарасы ұзақ уақыт қызмет көрсетусіз қалған, ал автономды жұмыс істеу үшін аккумуляторларды ауыстыру қажет. Бұл мәселе жергілікті тұрғындар үшін ең өзекті проблемалардың бірі болып отыр, — дейді ол.

Сонымен қатар Утебаеваның айтуынша, білім саласы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағымен бірлесіп, мектептердің интернетпен қамтылуына мониторинг жүргізілген.

— Бүгінде облыстағы барлық білім беру ұйымдары, соның ішінде бұрын байланысы тұрақсыз болған ауыл мектептері де интернетке қосылған деп айтуға болады. Алайда аудандық деңгейде жағдай біркелкі емес. Мысалы, Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылында байланыс сапасы өте жақсы, тіпті 5G жұмыс істейді. Ал сол ауданның кейбір ауылдарында тұрғындар нашар желі мен баяу интернет жылдамдығына шағымданады. Сарыкөл, Қарасу және Амангелді аудандарында, сондай-ақ Арқалық қаласында да ұқсас жағдай — шалғай ауылдарда байланыс тұрақсыз, — дейді депутат.

— Соңғы айлар тәжірибесі көрсеткендей, жақсартуларды тез енгізуге болады. Аккумуляторлар жаңартылып, техникалық база күшейтілген жерлерде байланыс сапасы бірнеше күннің ішінде-ақ жақсарады. Сондықтан тұрғындарда үміт бар және ол нақты мысалдармен дәлелденіп отыр. Ең бастысы — жүйелі жұмысты жалғастырып, әр ауыл мен елді мекеннің жағдайын қоғаммен бірге бақылау қажет, сонда ғана өңірдің әр тұрғыны расымен де «байланыста» болады.

Қостанай облысының ауылдық жерлеріндегі байланыс сапасы мен интернетке қолжетімділік жағдайы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысынан алынған мысалдар елдегі цифрландырудың теңсіздігі мәселесін айқын көрсетеді. Мемлекет ұлттық жобаларды жүзеге асырып, телеком-операторлармен меморандумдарға қол қойып жатқанына қарамастан, іс жүзінде көптеген ауылдар әлі де цифрлық кеңістіктен тыс қалып отыр.

Негізгі қиындықтар — операторлар үшін шалғай және халық аз қоныстанған ауылдарға инфрақұрылым тартудың экономикалық тиімсіздігі, сонымен қатар техникалық шектеулер: мұнараларда резервтік қуат көздерінің болмауы, жабдықтың тозуы және спутниктік жүйелердің өткізу қабілетінің төмендігі. Мұның бәрі, байланыс ресми түрде «бар» болғанымен, оның сапасы әлі де қанағаттанарлықсыз екенін көрсетеді.

Салдарынан көптеген қазақстандықтар байланыс пен интернетке тең қолжетімділіктен айырылып, шектеулерге тап болып отыр.

«Бұл жарияланым Еуропалық Одақтың «CARAVAN: Шынайы тарихтар арқылы аудиторияның тұрақтылығын арттыру» жобасы аясында Internews ұйымымен қаржыландырылды. Жарияланым мазмұны үшін жауапкершілік толықтай «ТоболИнфо» ақпарат агенттігіне жүктеледі және ол Еуропалық Одақ пен Internews ұйымының көзқарасын міндетті түрде білдірмейді».

Аяжан СЕРIК, Кристина ФРИТЦ,

суреттерді түсірген Лариса БОЖКО, инфографиканы жасаған Максат КАНАПЬЯНОВ


#интернет, #Ауыл-ел бесігі, #цифровизация, #Кустанай