Берік Уәли: Абай облысының бір жылдық белесі – сенім мен серпін жылы
Бір жыл. Тарих таразысымен өлшесек – қас-қағым сәт. Ал ел тағдырын арқалаған басшы үшін бұл – үлкен сын, зор жауапкершілік, тынымсыз еңбекке толы кезең. Абай облысы әкімі болып тағайындалғанына бір жыл толған Берік Уәли үшін бұл уақыт – өңірдің еңсесін тіктеп, жаңа серпін беру жолындағы табанды қадамдар жылы болды.Абайдай ұлы тұлғаның атымен аталатын аймақтың жүгін көтеру – екінің біріне бұйыра бермейтін абырой. Осы сенімді ақтау жолында облыс басшысы ең алдымен халықпен ашық диалог орнатуды басты ұстаным етті. Аудан-аудандарды аралап, шалғай ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдау – әкім жұмысының басты бағытына айналды. Себебі дамудың өзегі – елдің әл-ауқаты.

Өткен бір жылда облыс көлемінде жол жөндеу, су тарту, жарықтандыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асты. Ауылішілік жолдар жаңартылып, әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтті. Тұрғындар үшін ең маңыздысы – нақты нәтиже. «Халыққа қолайлы орта қалыптастыру» қағидасы іс жүзінде көрініс тапты.

Аймақ экономикасын әртараптандыру – басты міндеттердің бірі болды. Инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлерге қолдау шаралары күшейтілді. Бұл – өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық пен халық табысының артуына ықпал етті.

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – «Туған жерге туың тік» форумы болды. Облыс басшысы еліміздің әр өңірінде және шетелде табысты еңбек етіп жүрген облыстың тумалары - кәсіпкерлерді туған жерге арнайы шақырып, инвестиция салуға үндеді. Маңызды жиынға 500-ге жуық кәсіпкер келді. Форум аясында өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылып, ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм, инфрақұрылым салаларындағы нақты жобалар ұсынылды.

Берік Уәли кәсіпкерлерді туған өлкенің дамуына үлес қосуға шақырып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын нақты атап өтті. Инвесторлар үшін жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым тарту, әкімшілік қолдау көрсету тетіктері түсіндірілді. Бұл бастама туған жерге деген перзенттік парызды іспен дәлелдеуге жол ашты.


Облыс көлемінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» акциясы аясында елді мекендерді абаттандыру, өзен-көл жағалауларын тазарту, саябақтар мен қоғамдық орындарды ретке келтіру жұмыстары ұйымдастырылды. Облыс әкімі Берік Уәли тұрғындарға арнайы үндеу жасап, халықты акцияға үн қосуға шақырды.

Мыңдаған тұрғын, еріктілер мен жастар белсенді қатысып, туған жердің тазалығына ортақ жауапкершілік танытты. Бұл бастама тек сенбілікпен шектелмей, қоршаған ортаға жанашырлық мәдениетін орнықтыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Білім мен денсаулық сақтау салаларында да оң өзгерістер бар. «Келешек мектептері» ұлттықжобасыаясындажаңа мектептер мен 500 орындық жаңа Оқушылар сарайы ашылды. Медициналық нысандар пайдалануға беріліп, бірқатар мекемелердің материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

Ауылдық жерлердегі әлеуметтік нысандардың сапасы жақсарып, халыққа көрсетілетін қызметтің қолжетімділігі артты. Жастар саясатына ерекше көңіл бөлініп, олардың бастамаларын қолдау бағытында нақты жобалар жүзеге асты.

2025 жыл – қазақ халқы үшін айрықша мәнге ие кезең. Ұлы ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілді. Абай облысында мерейтойлық іс-шаралар өңірдің мәдени тынысына жаңа серпін берді. Ғылыми-тәжірибелік конференциялар, әдеби кештер, театрландырылған қойылымдар, республикалық айтыстар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Семей қаласы мен аудан орталықтарында мәдени нысандар жаңғыртылып, Абай мұрасын насихаттауға бағытталған жобалар қолға алынды. Бұл тек мерекелік шаралар ғана емес, рухани жаңғырудың нақты көрінісі болды. Абайдың «Толық адам» ілімі, адамгершілік пен білімге үндеген тағылымы өңірдің даму философиясымен үндесіп, жас ұрпақ санасына ұлттық рух пен парасаттылық дәнін себуге бағытталды. Ал Абайдың 180 жылдық мерейтойы өңірдің рухани өмірін жаңа деңгейге көтерді.

Берік Уәлидің басқару стиліндегі ерекшелік – ашықтық. Халықпен тұрақты кездесулер, қоғамдық қабылдаулар, әлеуметтік желі арқылы кері байланыс орнату билік пен бұқара арасындағы сенімді арттырды. Проблемаларды жасырмай, ашық айту және нақты шешу жолдарын ұсыну – әкім жұмысының басты қағидаларының біріне айналды.

Бір жыл – бастамалардың кезеңі. Осы уақыт ішінде Берік Уәли Абай облысының даму бағытын айқындап, жүйелі жұмысқа жол ашты. Инфрақұрылым жаңарып, экономикада серпіліс байқалып, әлеуметтік салаға тың серпін берілді.

Абай облысының келешегі – елдің бірлігі мен еңбегінде. Ал сол еңбекті үйлестіретін басшының басты капиталы – халық сенімі. Өткен бір жыл – сол сенімнің нығайған, серпіннің басталған кезеңі ретінде тарихта қалары сөзсіз.

#Абайская область, #Аким области Абай, #Берик Уали