Берік Уәли: Құрылыс сапасы қатаң бақылауда болуы тиіс

Берік Уәли: Құрылыс сапасы қатаң бақылауда болуы тиіс

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлинің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтіп, өңірдегі құрылыс сапасы мен мемлекеттік сатып алу жүйесінің өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  Жиынға облыстық басқарма басшылары мен өңірлік департамент жетекшілері қатысып, аудан және қала әкімдері бейнебайланыс арқылы қосылды.

Кеңестің күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сайлауғалы Байназаров пен мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Жайық Орман баяндама жасады.

Мәліметтерге сәйкес, облыста құрылыс саласына бақылау айтарлықтай күшейтілген. Өткен жылы жүргізілген мониторинг нәтижесінде 18 бюджеттік нысанда түрлі бұзушылықтар анықталып, олардың 5-еуі толық жойылған. Қалған 5 нысанда түзету жұмыстары жалғасуда.

Өз сөзінде аймақ басшысы құрылыс сапасы мәселесінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, кез келген құрылыс нысаны заң талаптарына толық сәйкес келіп, халық үшін қауіпсіз болуы тиіс. Осыған байланысты барлық жауапты тұлғалар нақты белгіленіп, жұмыстардың орындалу мерзімдері қатаң айқындалуы қажет.

 

– Құрылыс саласындағы мәселелер формальды түрде емес, нақты нәтижеге бағытталуы тиіс. Әрбір тапсырма дер кезінде әрі сапалы орындалуы қажет, – деді Берік Уәли.

Облыс әкімі жауапты басқармалар мен жергілікті әкімдерге бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, құрылыс нысандарына қатысты құжаттардың заң талаптарына сай рәсімделуін қатаң бақылау, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою, сондай-ақ жүзеге аспай қалған жобалық-сметалық құжаттамаларға талдау жүргізу міндеттелді. 

Сонымен қатар, бюджеттік қаражаттың тиімді игерілуі мен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясындағы медициналық нысандардың инженерлік желілерін заң талаптарына сәйкестендіру тапсырылды. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына құрылыс нысандарындағы сапаны, нормативтердің сақталуын және жұмыс кестесінің орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, жүйелі мониторинг жүргізу жүктелді. Жиын барысында мемлекеттік сатып алу жүйесіне де ерекше назар аударылды.

Аймақ басшысы бұл бағыттың мемлекеттік қажеттіліктерді қамтамасыз етудегі негізгі құралдардың бірі екенін атап өтті. Оның пікірінше, мемлекеттік сатып алу тек экономикалық тиімділікпен шектелмей, бәсекелестік ортаны дамытуға, ашықтықты қамтамасыз етуге және конкурстық рәсімдердің қолжетімді болуына бағытталуы тиіс. Айта кетейік, облыста мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру мақсатында орталықтандырылған оқыту семинары ұйымдастырылып, оған 585 адам қатысқан. Бұл шара сала мамандарының біліктілігін арттырып, мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімділігін күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды.


#Абайская область, #строительство