Бесқарағай ауданының әкімі алдағы жоспарлары мен атқарылған жұмыстарды қорытындылады

Бесқарағай ауданының әкімі алдағы жоспарлары мен атқарылған жұмыстарды қорытындылады

Абай облысы Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Мұратов өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды мәселелер мен болашақ жоспарларды талқылады. Әкім өз сөзінде ауданның инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәселелеріне тоқталып, олардың шешу жолдарын да атап өтті.

- Ауыл ішіндегі жолдарды, сондай-ақ аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге қаражат бөлінді. Келесі жылы осы маңызды мәселе бойынша біз жұмысты жалғастырамыз деп ойлаймын. Қазір біз жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап жатырмыз, бюджеттік өтінімдермен облыстық және республикалық деңгейлерге шығамыз. Жолдардың сапасын жақсарту тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеруге ықпал етеді. Бүгінде бұл мәселе біздің басты назарымызда, ал алдағы уақытта барлық қажетті шаралар қабылданып, жұмыстар толықтай жүзеге асырылатын болады, - деп атап өтті Талғат Мұратов.

Аудан әкімі Абай облысының Інжу – Шошқалы көлін дамыту жоспары аясында туристік инфрақұрылымды жетілдіру және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында жұмыстар жүргізілетінін айтты.

- Біздің жерлесіміз, ауданымыздың меценаты бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатыр. Қазір ол сметалық құжаттаманы дайындап, сараптамадан өткеннен кейін көл жағасында үлкен санаторий құрылысы басталады. Біз өз тарапымыздан келесі жылы көлге баратын жол мен электрмен жабдықтау мәселелерін шешеміз. Бұл жұмыстар толық бақылауымызда болады, өйткені әр жазда көл жағасына көптеген адамдар, соның ішінде басқа аймақтардан және шетелдерден келетінін жақсы білеміз. Біз олардың жайлы демалысын қамтамасыз етуіміз керек, - деді Талғат Мұратов.

Сондай-ақ, журналистер аудан әкіміне Жыланды ауылын сумен жабдықтау мәселесі жөнінде сұрақ қойды. Әкімнің айтуынша, ауылда 400-ге жуық тұрғын бар, сондықтан бұл мәселе қазір өзекті болып табылады.

- Жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Бюджет бекітілгеннен кейін, біз Жыланды ауылында су құбырын салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, бұл бағдарламаға кіретін тағы 4 ауыл бар, оларды да сумен жабдықтау мәселесі қамтылатын болады, - деп атап өтті әкім.

Талғат Мұратов “Семей орманы” резерватының жұмысы бойынша орманшылық басшылығымен тұрақты байланыста екенін және ауданның мәселелерін шешу үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

- Резерват қызметкерлері біздің ауданның тұрғындары болып табылады. Біз олармен үнемі кездесіп, маңызды мәселелерді талқылаймыз. Жақында министр бізге келіп, резерватты дамыту бойынша нақты тапсырма берді. Орманшылардың барлық сұрақтары мен ұсыныстары бойынша біз барынша жедел әрі тиімді шешімдер қабылдауға тырысамыз. Олардың жұмысы үнемі бақылауда болады, - деп қорытындылады спикер.


#Абайская область, #Бескарагай