Общество 916 просмотровabaidan.kz

Голос эпохи затих: дань памяти Мухтару Шаханову

Голос эпохи затих: дань памяти Мухтару Шаханову

Қазақ руханияты тағы бір биік белесінен айырылды. Мұхтар Шаханов – тағдырлы жырдың иесі, ұлт намысының жаршысы, ақиқаттың алдаспаны болған қайраткер ақын өмірден өтті. Бұл – тек әдебиет үшін ғана емес, тұтас қазақ қоғамы үшін орны толмас ауыр қаза.

Ақынның дүниеден озғаны туралы суыт хабарды Абай облысының әкімі Берік Уәли өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында терең күйзеліспен жеткізді. Ол Мұхтар Шахановты «ұлылар шоғырының тағы бір қасқа тұлпары» деп сипаттап, оның өмір жолын күреспен өрілген тағдыр, ал жырларын ерлік рухтың қайнар бұлағына теңейді. 

Голос эпохи затих: дань памяти Мухтару Шаханову

Шынында да, Мұхтар Шаханов – жарты ғасырға жуық уақыт бойы қазақ поэзиясының ғана емес, ұлт рухының да биік тұғырын көтеріп келген дара тұлға. Оның әрбір өлеңі – шындықтың сөзі, әрбір шығармасы – халықтың жүрегінен туған үн іспетті. Ақынның жырлары талай буынның санасын оятып, ұлттық рухты қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты. Кең байтақ далада оның өлеңдерін жатқа білмейтін ұрпақ кемде-кем деуге болады.

Голос эпохи затих: дань памяти Мухтару Шаханову
Голос эпохи затих: дань памяти Мухтару Шаханову

Берік Уәли өз жазбасында ақынның ел алдындағы еңбегі елеусіз қалмағанын да атап өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Шахановқа елдің ең жоғары марапаттарының бірі – «Еңбек Ері» атағын табыстаған сәтті ерекше ілтипатпен еске алады. Бұл – ақынның тек сөз өнеріндегі емес, қоғамдық өмірдегі де айрықша орнын айғақтайтын маңызды белгі.

Голос эпохи затих: дань памяти Мухтару Шаханову

Мұхтар Шаханов тек классик ақын ғана емес, ел тағдыры таразыға түскен сәттерде үнсіз қалмаған қайраткер, батыл позициясымен танылған азамат болды. Ол ұлт мүддесі сөз болған тұста әрдайым алдыңғы шептен көрініп, әділет жолында тайсалмай күресе білді. Осындай болмысымен ол кейінгі буынға қайталанбас өнеге қалдырды.

Ақынның артында қалған отты жырлары мен өнегелі істері – елге демеу, ұрпаққа мұра болып қала бермек.

Қазақ елі қара жамылып, қабырғасы қайысып тұр. Мұхтар Шахановтың есімі мен еңбегі халық жадында мәңгі сақталады. Оның рухы – ұлт рухымен бірге жасай бермек.