Бөкенші ауылында жаңа өрт сөндіру пункті іске қосылды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданына қарасты Жиенәлі ауылдық округіндегі Бөкенші ауылында жаңадан салынған өрт сөндіру пунктінің жұмысымен танысты,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.

Жаңа нысан ауылдық елді мекендердегі қауіпсіздікті күшейту және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында салынған. Өрт сөндіру пунктінде екі өрт сөндіру көлігіне арналған арнайы көлікжай, диспетчерлік бөлім, санитарлық бөлмелер және қажетті құрал-жабдықтар қарастырылған.

Өрт сөндіру бекетінің құрылысы осы жылдың сәуір айында басталып, бүгінде толық аяқталған. Қазіргі уақытта мұнда екі техника қызмет көрсетеді. Пунктте төрт қызметкер тұрақты жұмыс істейді.

Аймақ басшысы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі басты назарда болуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, өрт сөндіру пунктінің ауыл кіреберісінде, жол бойында ыңғайлы орналасуы төтенше жағдай кезінде уақыт жоғалтпай әрекет етуге мүмкіндік береді.

— Бөкенші ауылы – үнемі назардағы елді мекендердің бірі. Өрт сөндіру бекетінің ауылдың кіреберісінде, жол бойында қолайлы жерде орналасуы төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі әрдайым бақылауда болуы тиіс. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Алдағы уақытта да Бөкенші ауылына әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі, — деді Берік Уәли.
Жаңа өрт сөндіру пунктінің ашылуы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізуге де мүмкіндік береді.

#Абайская область, #Жанасемей, #пожарный пост