Бұрқасын, тұман, көктайғақ: Қазақстан бойынша дауылдық ескерту жарияланды.
Қазақстанда дауылдық ескерту жарияланды. Синоптиктердің болжауынша, еліміздегі өңірлердің басым бөлігінде бұрқасын, жел, көктайғақ, тұман болады, деп хабарлады ТЖМ ресми сайты.
Ведомство "Қазгидромет" РМК синоптиктеріне сілтеме жасап хабарлауынша, Астанада ертең бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Жел екпіні 15-20 м/с, кей уақыттарда 25 м/с дейін жетеді. Шымкентте болса ертең тұман күтіледі.
4-6 желтоқсанда Жамбыл облысының оңтүстігінде ,таулы аудандарында тұман күтіледі. Облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында жел жылдамдығы 15-20 м/с болады. 4 желтоқсанда түнде, 6 желтоқсанда тәулік бойы жел екпіні 23-28 м/с жетеді деген болжам бар.
Ертең Ақмола облысының солтүстігінде, шығысында, күндіз батысында, солтүстігінде бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Түнде және таңертең облыс батысы мен оңтүстігінде тұман күтіледі. Түнде жел жылдамдығы 15-20 м/с, облыстың солтүстігі мен шығысында жел екпіні 23-28 м/с жетеді, ал күндіз облыс батысы мен солтүстігінде жел екпіні 15-20 м/с болуы ықтимал.
Солтүстік Қазақстан облысының басым бөлігінде күндіз қар, оңтүстігінде, батысында жаяу бұрқасын күтіледі. Түнде желдің күші 15-20 м/с болса, облыстың оңтүстік-шығысында жел екпіні 23-28 м/с жетеді. Күндіз облыстың оңтүстігі мен батысында жел екпіні 15-20 м/с.
Қостанай облысының батысында, солтүстігінде, шығысында күндіз көктайғақ, бұрқасын болады деп болжануда. Облыстың батысында, шығысында, солтүстігінде тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз облыстың батысы мен шығысында жел екпіні 15-20 м/с дейін жетеді деп күтіледі.
Алматы облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, таулы аудандарында кей уақытта тұман көтеріледі. Солтүстік-батыстан жел соғады, облыстың шығысында жел екпіні 15-20 м/с.
Жетісу облысының оңтүстігінде, шығысында, таулы аудандарында қар аралас жауын-шашын, тұман күтіледі. Батыстан жел соғады, облыстың шығысында, орталығында, таулы аудандарында жел екпіні 15-20 м/с болады, кей уақыттарда тіпті 23-28 м/с дейін жетеді.
Түркістан облысының оңтүстігінде, батысында, таулы және тау бөктерлі аудандарында тұман көтеріледі. Түнде облыстың тау асуларында желдің күші 15-20 м/с болады деген болжам бар.
Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында түнде бұрқасын күтіледі. Облыстың солтүстігінде, шығысында көктайғақ болады. Түнде облыстың солтүстігінде, шығысында жел екпіні 15-20 м/с, кей уақыттарда тіпті 25 м/с болады деп күтіледі.
Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысында түнде жел екпіні 15-20 м/с болады деген болжам бар. Ақтөбе облысының күндіз солүстігі мен шығысында, ал түнде солтүстік жартысында көктайғақ болады. Облыстың солтүстігінде жаяу бұрқасын күтіледі. Облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында жел екпіні 15-20 м/с болады. Күндіз Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында, ал түнде облыстың батысы мен солтүстігінде әрі шығысында көктайғақ, бұрқасын күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстік-шығысында тұман болады. Күндіз облыстың шығысында, ал түнде солтүстік-батысында жел екпіні 15-20 м/с жетеді. Атырау облысының оңтүстігінде, батысында, шығысында түнде тұман күтіледі.
Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында да тұман көтеріледі.