Дала сөндіру кезінде қаза тапқан Айдос Тоғызбаевқа мемориалдық тақта ашылды
Абай облысы Жарма ауданының Әуезов кентінде 2022 жылы Жарма ауданы аумағында шыққан дала өртін сөндіру кезінде қаза тапқан, азаматтық қорғау сержанты Айдос Ерұланұлы Тоғызбаевқа арналған мемориалдық тақтаның ашылуына арналған салтанатты рәсім өтті. Бұл туралы abaidan.kz тілшісі Абай облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Айдос Тоғызбаев 1985 жылы 24 қарашада Шығыс Қазақстан облысы, Мақаншы ауданы, Жарбұлақ ауылында дүниеге келген. 2004 жылы Алматы қаласының № 5 кәсіптік мектебін тәмәмдаған. Азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдан бері қызметте болған.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 07 қыркүйекте Абай облысы, Жарма ауданы, Божүгір ауылдық округіндегі Бірінші ауыл учаскесінде болған табиғи өртті сөндіру кезінде Әуезов кенті №14 өрт сөндіру бөлімінің №22 өрт сөндіру бекетінің жүргізуші-қызметкері, азаматтық қорғау сержанты Айдос Ерұланұлы Тоғызбаев қаза тапқан болатын.
Абай облысы ТЖ Департаменті бастығы Манарбек Шапағатов: "Айдос Тоғызбаев жас қызметкерлер мен өскелең ұрпақ үшін батылдық пен табандылықтың үлгісі болып қалатыны анық. Оның жасаған ерлігі біздің жадымызда мәңгі сақталады. Сол бір қайғылы күні Айдос өз ісіне деген адалдығының арқасында ерлік пен кәсібилік көрсетіп, күрделі әрі қауіпті жағдайда сабырлық таныта білген. Өміріне төнген қауіп-қатерге қарамастан өзінің қызметтік міндетін батырлықпен орындаған жауынгер досымызға құрмет көрсету үшін жиналдық. Отанымыздың лайықты ұлын тәрбиелеген Айдостың ата-анасына зор алғысымды білдіргім келеді. Айдосты есте сақтап, құрметтеу және өскелең ұрпақты осындай батылдық үлгісімен тәрбиелеу біздің міндетіміз" деді .
Айта кетерлігі, Айдос Тоғызбаевтың ұлы әкесінің жолын жалғастыру мақсатында Беларусь Республикасы ТЖМ Азаматтық қорғау университетіне оқуға түсті.
Ескерткіш тақтаны ашу құқығы Айдостың әкесі Ерұлан Шаяхметұлы Тоғызбаевқа және Абай облысы ТЖ Департаментінің бастығы Манарбек Шапағатовқа берілді.
Жиналғандар марқұмды бір минуттық үнсіздікте еске алып, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Айдос Ерұланұлы Тоғызбаев батырлығы үшін III-ші дәрежелі «Айбын» ордені Мемлекттік наградасымен марапатталды (қаза тапқаннан кейін).
#пожар, #Абайская область, #ДЧС