Депутат 5 миллиард доллар жұмсалған ауызсу бағдарламаларын сынады

Депутат 5 миллиард доллар жұмсалған ауызсу бағдарламаларын сынады

Депутат Қазыбек Иса Мәжілісте таза ауызсуға қол жеткізе алмай отырған елді мекендер туралы айтты, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі KAZ.NUR.KZ сілтеме жасап. Депутат ауызсу мәселесі түйткілді болып отырған бір ғана мысалды келтіріп берді. "Бір ғана мысал, халық ең тығыз орналасқан Түркістан облысындағы ауылдарға таза ауызсу әлі толық жеткен жоқ. Еліміздегі ең үлкен су қоймасы бар Шардара қаласының 30 мың халқы, ал сол аудандағы 50 мың халық, жалпы 80 мың халық таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Яғни судың үстіндегі шардаралықтар суға мұқтаж. Ал таяқ тастам жерден табылған Тамды Тастанбек су қорын тарту талай жылдан бері көтерілсе де, әлі шешілмеуде. Ал сол таза ауызсуға зар болып отырған халықтың салығынан жиналған қаржыдан біздің үкімет жыл сайын сумен қамтуға орасан зор миллиардтар бөліп келеді", - дейді депутат. Оның айтуынша, 1998 жылы, яғни өткен ғасырда пайда болған 2000-2010 жылдарға арналған "Ауызсу" бағдарламасына 1,8 миллиард доллар жұмсалған. "Екінші, 2011-2020 жылдарға арналған "Ақбұлақ" бағдарламасына да 2 миллиард доллар жұмсалған. Үшінші, 2021-2023 жылдарға арналған "Нұрлыжол" бағдарламасында да 1,3 миллиард доллардан астам ақша жұмсалған. Сонда 25 жыл ширек ғасыр ішінде үш мемлекеттік бағдарлама қабылдап, 5 миллиард доллардан астам ақша, бұл триллиондаған теңге жұмсаса да, таза суға зар болу - таза масқара емес пе? Аурудың диагнозын анықтап алып емдемесе, жазылмайтыны секілді, егер үкімет ширек ғасырдан бері шешілмей келе жатқан бұл мәселенің негізгі себептерін анықтап, нақты шешуге кіріспесе, ауызсу мәселесі ендігі 50 жылда да шешілмейді. Өйткені 2000 жылдан бері салынған су жүйелері істен шығып, қайта салуға тура келіп отыр", - дейді ол. Оның сөзінше, бұған себеп - ауызсу мәселесіне нақты жауап беретін бір орган мен жауапты тұлға жоқ. Екінші себебі - жобалық-сметалық құжаттардың сапасыздығы. Үшіншісі - бағдарлама жасалғанда нақты жағдайдың толық зерттелмеуі. Төртіншісі - ауызсу мәселесін шешуде тек бюджеттен инвестиция пайдалану. "Алдағы екі жылда бұл мәселені қалай шешеміз, қанша қаржы кетеді, нақты шешу жолдары анықталуға тиіс. Бұған үкіметтен бір адам жауап беруі керек. Бізде ешкім ештеңеге жауап бермейді. Барлық мәселені кадр шешеді десек, "Қазсушардың" бірінші басшыларының жыл сайын ауысуы да бағдарламалардың орындалуына кері әсер етеді", - дейді мәжілісмен. 


#программа, #питьевая вода