Елімізде

Елімізде "1286" атты жаңа телехикаяның тұсауы кесілді

"Қазақтелеком" өзінің TV+ платформасында көрермендерге Salem social media түсірген жаңа қызықты да, қасіретке толы "1286" сериалын ұсынды. Шынайы оқиғаға негізделген туынды Әлішер Утевтің "5:32" сериалының жалғасы іспеттес.  Бұл жолы авторлар қазір әлемде өзекті кесапат құбылыс – еңбек құлдығы тақырыбын ашуға тырысқан. Бұл туралы STAN.KZ сілтеме жасап,  abaidan.kz тілшісі хабарлайды.

"5:32" картинасы бір мезетте көрерменнің көзайымына айналып, кинорежиссер Әлішер Утевтың танымалдығын одан әрі асқақтатып жіберген болатын. Кісі өлтіруші маньяктар туралы телетоптама YouTube-те миллиондаған көрсетілім жинап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. 

Қазақстандық режиссер Әлішер Утев өзінің жаңа жобасында еңбек құлдығы мен адам сату секілді өршіп тұрған әлеуметтік тақырыпты көтеріп, "бұл проблема бізде ғана емес, бүкіл әлемде өзекті екенін,  ал Қазақстанда тек бірінші жартыжылдықтың өзінде  осындай 110 қылмыс тіркелгенін" атап өтті.

"Бұл тақырыпқа қалай келдім? Қайткен күнде де әділетсіздік, кісі өлтіру, қудалауға байланысты кейбір материалдарды көргенде, үнемі еңбек құлдығы туралы әңгімелер пайда болады. Сонда өз-өзіме: "Алла бетін аулақ қылсын, бірақ сол адамдардың орнында болсам не істер едім?"  деген сауал қоямын.  Қазір 21 ғасыр, интернет, гаджет заманында әлі күнге дейін қыстауларда бас бостандығынан айырылып, рухы сынған және біреудің "отымен кіріп, күлімен шығып" өмір сүруге мәжбүр адамдардың бар екені мені таңғалдырады", – дейді  "1286" сериалының кинорежиссері Әлішер Утев.

Фильм қарапайым жігіт,  жақсы дәрігер және үлгілі отағасы Аман туралы. Тағдырдың жазуымен бір күні оны қаскөйлер ұрлап әкетіп, сол күннен бастап құлдыққа түседі. Тұтқындағы әрбір күн жас жігіт үшін нағыз сынаққа айналады. Туынды өмірін құлдықта өткізген жігіттің қияметке толы ауыр күндерін боямасыз көрсетіп, көрерменнің кейіпкерге деген аянышын оятады. Көрермен үшін телехикаяның атауы жұмбақ болып қала бермек.  Әзірге Әлішер мен оның командасы "1286" санының қандай мән-мағына беретінін ашып айтпады. Естеріңізге сала кетейік, трилогияның бірінші бөлігі "5:32" сериалының атауында "Құран" қасиетті кітабының мәтіндері, атап айтқанда, 5-ші сүре "Әл-Маида" мен 32-ші аят жатыр. 

Сериалдың трейлері 6 күнде 183 мың қаралым жинады. Жанрдың табынушылары тұсаукесерді асыға күтіп отыр. Әлеуметтік желіде: "ТМД, жаңа шедеврге дайынсыз ба?", "Қазақтар – телехикая әлемінде көшбасшы" "Бұл сериалдың интернетті "жарып" жіберетіні бесенеден белгілі" деген сияқты ой-пікірлерді  көптеп жазуда.  

"Бұл жоба – TV+ платформасында ұсынылған бесінші телехикая. 16 серияның алғашқы алты сериясы ағынды платформаның пайдаланушыларына қолжетімді. Биыл қыркүйек айынан бастап TV+ платформасы Қазақстандағы App Store және Google Play-де жүктеу саны жағынан алдыңғы орындарда тұр. Бұл жетістік Salem Social Media ұсынған туындыларының жоғары сұранысқа ие екенін, көрермендер бізді таңдайтынын растайды. Терең ой қозғап, эмоцияға берілуге итермелейтін TV+ контенті аудиторияның көңілінен шығып жатқаны қуантады", – деп атап өтті "Қазақтелеком" АҚ бөлшек бизнес дивизионының Бас директоры Игорь Погребицкий. 

"Қазақтелекомдықтар" TV+ платформасының одан әрі өркендейтініне, ұсынылатын контенттің сапасына сенімді. Болжамдарға сенсек, телекоммуникатор мен Salem social Media бірлескен жаңа туындылар 2023 жылғы ең танымал картиналар рейтингінде жоғары орынға ие болмақ. TV+ платформасының жаңалықтарынан хабардар болып отыру үшін қызметтің Instagram-дағы @telecom.tvplus  ресми аккаунтына жазылған жөн.  


#кино