Еңбекке құрмет – ел дамуының өзегі
Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы – ел ішінде еңбек адамдарының абыройын асқақтатып, қарапайым жұмысшының қажырлы еңбегін қоғамның назарында айшықтаған маңызды қадам. Президенттің: «Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы еңбекқор әрі нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті болуы керек» деген сөзі – ел болашағы еңбекпен өрілетінін дәлелдейтін өрелі ұстаным. Шынында да, кәсіби маман – экономиканың қозғаушы күші, ал еңбекке деген құрмет – мемлекет дамуының берік тірегі. Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбектің айтуынша, бүгінгі таңда жұмыссыздық мәселесін тиімді шешудің ең пәрменді тетігі – кәсіптік оқыту. Кәсіптік оқыту арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға болады. Бұл бағдарлама еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандарды даярлап қана қоймай, қайта маманданғысы келетін азаматтарға да тың серпін береді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәсіптік оқыту жұмыс берушілердің нақты өтінімдері бойынша ұйымдастырылады. Бұл тәсіл, ең алдымен, оқуды аяқтаған азаматтың бірден жұмысқа орналасуына жол ашады. Оқыту Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тізіліміндегі білім беру ұйымдарында немесе жұмыс берушінің өз базасында өткізіледі. Курстардың ұзақтығы мамандықтың ерекшелігіне қарай 1 айдан 3 айға дейін жалғасады,-дейді Айман Нұрлыбек.
Мемлекет жұмыссыз азаматтардың кәсіптік даярлығына толықтай қаржылай қолдау көрсетеді. Сонымен қатар:
Ай сайынғы шәкіртақы – 43 574 теңге;
Медициналық тексеруден өтуге – 2 АЕК (7 864 теңге);
Ауылдық жерден келген азаматтарға:
Жұмыс орнында оқыту кезінде – мемлекет 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде еңбекақыны субсидиялайды.
Бұл – тек жаңа мамандық алу мүмкіндігі ғана емес, адамға өз өмірін қайта құруға, нарықта қажет маман ретінде қалыптасуға берілген үлкен мүмкіндік.
Биылғы жылы 13 түрлі мамандық бойынша 219 жұмыс берушіден өтінім түсіп, 207 адам кәсіптік оқытуға жолданды. Сұраныстың басым бөлігі ауыл шаруашылығының тракторшы-машинисі, тігінші, электргазбен дәнекерлеуші секілді еңбек нарығында ең қажет мамандықтарға бағытталуда,-дейді басқарма басшысы.
Айтуынша, жалпы жоспардың 61%-ы орындалған. 181 адам – білім беру ұйымдарында, 26 адам – жұмыс берушінің базасында оқып жатыр. Семей тігін фабрикасы, сондай-ақ «Ахтаева» ЖК (шаштараз – 6 адам) және «Костенко» ЖК (тігінші – 5 адам) мамандар даярлауда белсенділік танытты. Бұдан бөлек, 9 колледж бен 3 оқу орталығында да оқыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Жұмысқа орналастырумен қатар, басқарма мүгедектігі бар азаматтарға да ерекше назар аударып келеді. Бұл санаттағы адамдардың қоғамға кірігуіне жағдай жасау, оңалту мен абилитация шараларына қолдау көрсету, білім алуға қолайлы орта қалыптастыру – әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі,-дейді Айман Нұрлыбек.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» – елдегі еңбек мәдениетін жаңаша серпілткен, адал еңбек пен кәсіби шеберлікті дәріптеген маңызды бастама. Кәсіптік оқыту – жұмыссыз азаматтарға жаңа өмірлік мүмкіндік сыйлайтын, олардың болашаққа сеніммен қадам басуына жол ашатын тиімді жүйе. Еңбек – ел ертеңін жаңғыртатын күш. Ал сол еңбекті бағалау – қоғамның парасаттылық деңгейін көрсететін айқын өлшем.
#Абайская область, #Трудоустройство, #Год рабочих профессий