Энергетика министрі жылыту маусымына дайындық кестесінен артта қалған өңірлерді атады
Еліміздің бірқатар өңірі жылыту маусымына дайындық кестесінен артта қалып отыр. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр. Кейбір өңірдің аздап артта қалуы бар. Дегенмен, жергілікті атқарушы органдар нысандарды дайындауға қатысты үлкен жұмыс жүргізуі үшін тіркеп отырмыз. Іс жүзінде министрлік жылыту маусымын бастау кестесін бекітті. Жұмыс басталалар кезде барлық станса дайын болмаса да жылыту маусымын бастау, желілердің жылу параметрлерін қолдау үшін қажетті қазандық жабықтары қамтамасыз етіледі», - деді XV KazEnergy Еуразиялық форумы аясында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның дерегінше, Риддер, Кентау, Қарағанды және Атырау жылыту маусымына дайындық кестесінен сәл артта қалып отыр.
Дегенмен, министрдің сендіруінше, бұл жайт жылыту маусымын бастауға әсер етпейді.