Ербол Мәндібек: «Ақша жоқ» деген өтірік жылау

Ербол Мәндібек: «Ақша жоқ» деген өтірік жылау

Қоғамда «ақша жоқ» деген сөз жиі айтылады. Күнделікті тұрмыста біреуге жалақы жетпейді, біреуге несие ауыр, енді бірі айдан айға әрең жететінін алға тартады. Алайда осы шағымдардың бәрі кей жағдайларда өзіне-өзі қайшы келетіндей. Бұл туралы блогер Ербол Мәндібек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі. Оның айтуынша, қалаға бір әлемдік жұлдыздың концерті өтетіні жарияланса, алпыс мың адамға арналған билеттер небәрі алты секундта сатылып кетеді. Сұраныстың көптігінен арнайы қосымшалардың өзі істен шығады. Осындай көріністен кейін қоғам өзін «кедейміз» деп атауы қаншалықты қисынды деген сұрақ туындайды.

Блогер бұл құбылысты тек концертпен шектемейді. Биылдан бастап көлік нөмірін таңдап сатып алуға мүмкіндік беретін заң күшіне енді. Ең арзан нөмірдің өзі 42 мың теңгеден басталатынына қарамастан, халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын-сонар кезек пайда болды. Кезек тіпті көшеге дейін шығып жатыр. Егер елде расымен ақша жоқ болса, адамдар көлік нөмірі үшін ақша жұмсар ма еді деген ой айтады автор.

Мұндай мысалдар аз емес. Жуырда Вьетнамның Фукуок аралында қазақтың «қызыл өрігі» қойылып, жағажай бір сәтке Шымкенттегі мейрамхананы елестетті. Шаңын шығарып билеп жүргендер – өзіміздің отандастар. Туристердің басым бөлігі де қазақтар. Ербол Мәндібектің пайымдауынша, егер ақша жоқ болса, Вьетнам, Дубай, Тайланд сияқты елдердің жағажайларын отандастарымыз қалай толтырып жүр?

Автордың жазуынша, көпшілік жолға шығарда әке-шешесінің ауылына барғандай, ойланбастан шабаданын алып кете береді. Демалыста сауық құрып, қолындағы жаңа айфонмен суретке түсіп, әлеуметтік желіге жүктейді. Несиеге алынған дүниелер сырт көзге мінсіз көрінеді. Инстаграмда бәрі бақытты, бәрі бай.

Осы үрдіс автосалондар мен тұрғын үй компаниялары жариялайтын шағын акциялардан да байқалады. Кішкентай ғана жеңілдік жарияланса, кезек таңғы бестен басталады. Егер расымен ақша жоқ болса, ондай кезекте тұрмас едік. Бірақ тұрамыз. Себебі, блогердің айтуынша, көп жағдайда бізге қажеттілік емес, «алып қалу», «көріну», «басқадан қалмау» маңызды.

Ал ораза айы таяған кезде бұл мәселе одан әрі ушыға түседі. Ауызашар дастархандары аста-төк жайылып, ысырапшылдыққа жол беріледі. Муфтияттың «қасиетті айда ысырапқа жол бермейік» деген үндеуіне де көпшілік құлақ аса бермейді. Мұның бәрі сауап үшін бе, әлде мақтан үшін бе деген сұрақты автор ашық қояды.

Ербол Мәндібектің түйіндеуінше, мәселе кедейлікте емес. Негізгі проблема – адамдардың өз қалтасына қарамай өмір сүруінде. Той үшін, демалыс үшін, жаңа айфон үшін несие алып, көзге түсуге тырысамыз. Біреуден қалмау үшін қарызға батып, кейін тағы да «ақша жоқ» деп шағынамыз.

«Ақша жоқ емес. Ақша бар. Тек біз өз мүмкіндігімізді мойындамай, өтірік жылайтын сияқтымыз», – деп түйіндейді блогер. Оның айтуынша, егер қоғам шындықпен бетпе-бет келіп, өмір сүру салтын өзгертпесе, қанша табыс тапса да, «ақша жоқ» деген сөз аузынан түспейді.


#общество, #деньги, #финансы