Қайнар ауылындағы жылу қазандықтары жаңартылып, елді мекенде 30 жылдан кейін жаңа балабақша салынды

Қайнар ауылындағы жылу қазандықтары жаңартылып, елді мекенде 30 жылдан кейін жаңа балабақша салынды

Облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданының Қайнар ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Қайнар ауылы облыс орталығынан 300 шақырымға жуық жерде орналасқан. Аймақ басшысы әуелі Сапарғали Бегалин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің жылу қазандығын көрді. 1974 жылы салынған оқу ордасы мектеп, ауылдық әкімшілік ғимаратын және мәдениет үйін жылумен қамтамасыз ететін орталық қазандыққа қосылған. Мұнда қуаты әртүрлі 4 қазандық орнатылған. Биыл қазандықтардың екеуі толық жаңартылды. Айта кетейік, осыдан 7 ай бұрын аймақ басшысы Қайнар ауылына арнайы барған болатын. Сол кезде қазандықтың жағдайын көріп, әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтқан еді.

Облыс әкімінің сәуір айында Қайнар ауылына келген сапарының нәтижесінде ұзақ жанатын жаңа пештер орнатылып, бүгінде мектеп те, өзге мекемелер де жылумен толық қамтылды. Бүгінде қиындықтың бәрі артта қалды. Аймақ басшысына мектеп ұжымы, ауыл жұртшылығы атынан алғыс айтамыз!, - деді С.Бегалин атындағы орта мектептің директоры Маржан Жақыпова.

Облыс әкімі сондай-ақ «Айриза» балабақшасының жұмысымен танысты. Бұл шағын орталық 50 орынға арналған және 2 топтан тұрады. Балабақша Қараөлең ауылдық округі әкімдігінің 500 шаршы метрлік ғимаратын жалға алып отыр. Жылыту жүйесі мектеп және мәдениет үйімен бірге орталықтандырылған.

Қайнар ауылының тумасы Перизат Бағдатқызының бастамасымен ашылған «Айриза» балабақшасында балғындардың тәрбие алуына, дамуына жан-жақты жағдай жасалған. Әр топ жас ерекшелігіне сай жабдықталған. Жатын бөлмелері бейнебақылаумен қамтылған. Аулада кең және тартымды ойын алаңы жасақталған. Балабақша жұмысын бастаған соң балалар үш мезгіл тамақтанады, таза ауада серуендейді, құм терапиясы, дамытушы ойындар, театрландырылған қойылымдар мен түрлі тәрбиелік шаралар өткізіледі. Ұжымда тәжірибелі педагогтар, медицина қызметкері және қосымша мамандар , жалпы саны 15 адам жұмыс істейтін болады. Балабақшаны аралап көрген аймақ басшысы мектепке дейінгі тәрбие нысанының шалғайдағы ауыл үшін маңызды екенін атап өтті.

«Қайнар ауылында 1996 жылдан бері бой көтеріп отырған алғашқы балабақша екен. Іші жарық, кең, әдемі. Бүлдіршіндер үшін барлық жағдай қарастырылыпты. Мемлекеттік тапсырыс аясында әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсететін боламыз», - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы елді мекендегі өрт сөндіру бекетінің жұмысымен де танысты. Бұл ғимарат қайта жаңғыртудан өткен. Өрт сөндіру постының қызмет көрсету аумағына Қайнар ауылы, Қараөлең бөлімшесі және 30-дан астам шаруа қожалықтары кіреді. Жалпы 350 үй, 1 398 тұрғын осы посттың қорғауында болады. Мұнда қазіргі таңда 5 адам жұмыс істейді. Пункттің қорғауындағы маңызды әлеуметтік нысандар қатарына дәрігерлік амбулатория, мектеп, балабақша және жергілікті атқарушы органның ғимараттары жатады. Сондай-ақ постың тактикалық мүмкіндіктері тұрмыстық және дала өрттерін сөндіру барысында ТЖД-ның негізгі күштері мен құралдарын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нысан электрлендірілген, ұзақ жанатын қазандық арқылы жылытылады. Бүгінде Қайнар ауылының аумағында су алуға арналған 4 өрт гидранты орнатылған. Облыс әкімі бұрынғы аудан орталығы Қайнардың әлеуеті жоғары елді мекен екенін атап өтіп, ауылды дамытуға бағытталған жобалардың алдағы уақытта жалғасатынын жеткізді.


#Абайская область, #школа, #сад, #Жанасемей