Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын қорытындылаған форум өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын қорытындылаған форум өтті

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» форумы ұйымдастырылды. Іс-шараға өңірлер онлайн қосылып, форумға Ішкі саясат басқармасының өкілдері, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері, сондай-ақ жастар қатысты.

Форумның мақсаты – Ассамблеяның 30 жылдық қызметін қорытындылап, этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайту бағытында жинақталған тәжірибені талқылау болды. Іс-шара барысында ҚХА-ның негізгі бастамалары мен жобалары таныстырылды.

Абай облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Айрат Базенов форумда Ассамблея жұмысының ел алдындағы рөліне тоқталды.

- Біз бүгін Ассамблеяның 30-жылдығында атқарылған жұмысты қорытындыланып, халыққа ұсынылғанына куә болдық. Біздің мемлекет әр ұлттың мәдени, тілдік және діни ерекшелігіне құрметпен қарауды ең жоғары құндылық ретінде қояды. Ассамблея жанындағы бірлестіктер – еліміздегі барлық этностарға өз мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтап, дамытуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Барлық ұлттың өз ерекшелігін еркін сақтай алу мүмкіндігі – Қазақстан халқы Ассамблеясының ең басты еңбегінің нәтижесі, – деді спикер.

Форум Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі бейбітшілік, татулық және азаматтық келісімнің маңызын тағы бір мәрте айқындады.


#Абайская область, #Ассамблея