«ҚазАвтоЖол» басшысы қызметінен кетті

«ҚазАвтоЖол» басшысы қызметінен кетті

 «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев қызметінен кетті. Ол бұл туралы Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды Kazinform-ға

 сілтеме жасап, abaidan.kz тілшісі. Басқарма төрағасы өз шешімімен қызметтен кеткенін мәлім етті.

«Құрметті достар, қадірлі әріптестер! Бүгін жеке шешіміме сәйкес «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ Басқарма төрағасы қызметін аяқтадым. Екі жылға жуық уақыт ішінде әріптестеріммен бірлесе құрылысы ұзаққа созылған жолдарды қолға алып, жобаларды аяқтау үшін аянбай еңбек еттік. Үлкен жұмыс атқарылды. Бүгінгі таңда республикалық автожолдар желісінде жұмысы тоқтап тұрған бірде-бір жол жобасы жоқ деп сеніммен айта аламын. Соңғы екі жыл ішінде 7 млн тонна асфальт төселді. Бұл дегеніміз шамамен 2,5 мың шақырым жол жаңа асфальтпен қамтылды деген сөз.
Ел аузында жүрген Атырау-Астрахан, Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы, Өнеге-Бисен-Сайхын күре жолдарында жұмыстар қайта басталды. Бұл жолдардың құрылысы аяқталуға жақын. Ақтөбе-Қандыағаш, Үшарал-Достық, Талдықорған-Қалбатау-Өскемен, Қарағанды-Балқаш, Күрті-Бұрылбайтал, Меркі - Бұрылбайтал және т. б. бағыттарда асфальт төселіп, жол қозғалысы ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бірыңғай автожол компаниясын құру аясында жұмыс жүргіздік. Жыл сайын материалдық-техникалық база мен арнайы жол техника паркі жаңартылып отырды. Арнайы техника санын 400 бірлікке арттырдық. Бұл жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарының сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді. Жасыратыны жоқ, автожол саласы мемлекет басшысының тарапынан да, тұрғындарымыздың тарапынан да бірнеше рет сынға ұшырады. Жолдың мәселесі бір күнде шешілмейді. Оң өзгеріске қол жеткізу үшін жүйелі түрде жұмыстану керек. Президенттің тапсырмасына сәйкес былтырдан бері саланы реформалау үшін бірқатар шара қабылдануда. Өз тарапымыздан шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, құзыретті органдарға бірқатар ұсыныс жолдадық. Жолшының мамандығы кабинетте отырмай, үнемі құрылыс басында болуды талап етеді. Бұл қағиданы сақтадық», - деп жазды ол.

Мейірхат Қасымбаев әріптестеріне, жұмысына адал қараған мердігерлерге және күндіз-түні жолда жүрген әрбір жолшы маманға алғыс айтты.

Айта кетейік, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен Мейірхат Мейрамханұлы Қасымбаев «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы қызметіне 2022 жылдың 1 ақпанында тағайындалған болатын.


#КазАвтоЖол