Көкпекті ауданына жаңа қоқыс тасымалдау көлігі мен 50 контейнер берілді
Көкпекті ауданында коммуналдық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы ретте ауданға Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) аясында бір арнайы қоқыс тасымалдау көлігі және 50 заманауи еуроконтейнер табысталды. Бұл қолдау Абай және Ұлытау облыстарын дамытуға бағытталған «Тұрақты даму: жаңадан құрылған облыстардағы өңірлік теңсіздіктерді еңсеру» жобасы шеңберінде көрсетілді.

Жоба аясында БҰҰДБ сарапшылары облыс әкімдіктерімен бірлесіп қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесіне жан-жақты талдау жүргізіп, өңірлердің қажеттіліктерін зерделеді. Нәтижесінде халықаралық тәжірибе мен жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге арналған ұсынымдар әзірленді.

Жаңа техника мен контейнерлер тұрмыстық қалдықтарды уақытылы әрі тиімді жинауға мүмкіндік беріп, коммуналдық қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді. Бұл елді мекендердің тазалығын сақтауға, тұрғындарға көрсетілетін қызметтің деңгейін жақсартуға және қоршаған ортаны қорғауға оң әсерін тигізеді.

Сонымен қатар жоба қалдықтарды басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге, инфрақұрылымды тиімді жоспарлауға және қалдықтарды қайта өңдеуге жарамды ресурс ретінде қарастыратын айналмалы экономика қағидаттарын кезең-кезеңімен енгізуге бағытталған. Мұндай бастамалар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға өз үлесін қосады.
#Абайская область, #Кокпектинский район