Көктемгі әскерге шақырылғандардың соңғы тобы Шекара қызметіне аттанды
Семей қаласында мерзімді әскери қызметін өтеуге кезекті жас сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Жиырмаға жуық жас жігіт енді еліміздің шекара қызметі қатарында Отан алдындағы борыштарын өтейтін болады-Деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара Абай облысының Қорғаныс істері департаменті облыстық жиын пунктінде ұйымдастырылды. Сарбаздарды шығарып салуға олардың ата-аналары мен жақын туыстары арнайы келіп, ізгі ниеттерін білдірді.


Салтанатты жиында департамент бастығының орынбасары подполковник Мейірхат Саябаев сөз сөйлеп, жас сарбаздарға жауапты міндет жүктеліп отырғанын атап өтті. Ол өз сөзінде әскери қызметтің әр азамат үшін үлкен мектеп екенін айтып, сарбаздарға абыройлы қызмет атқаруға тілектестігін жеткізді. Сонымен қатар ата-аналарға алаңдауға негіз жоқ екенін, жастардың барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етілетінін ерекше атап өтті.

Өз кезегінде ата-аналар да ұлдарына батасын беріп, ел алдындағы міндеттерін адал атқарып қайтуына тілектес екенін жеткізді. Солардың бірі — көпбалалы ана Айгүл Ерубаева. Ол ұлы Шалқар Мұхатжанды әскерге шығарып салуға арнайы келгенін айтты.
– Бүгінде алты ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмын. Әскерге жіберіп отырған Шалқар – үшінші ұлым. Баламның Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, аман-есен елге оралуына тілектеспін. Барлық сарбаздарға сәттілік тілеймін, – деді ана.
Айта кетейік, бүгінгі таңда еліміздің шекара қызметіне жасақтау науқаны аяқталды. Алдағы уақытта Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері басқа да құрылымдарына шақырылым жалғасатын болады.
#Абайская область, #Абайский региональный гарнизон, #солдат