ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментіне қарасты “Семей” шекара басқармасына жаңа көліктер табысталды
2024 жылдың 19 қарашасында ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментіне қарасты “Семей” шекара басқармасына жол талғамайтын “Jac” көліктерінің кілттері салтанатты түрде табысталды. Бұл шара шекара қызметінің тиімділігін арттыру, қызметкерлердің жұмысын жеңілдету және шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Ахметов Асхат Болатович қатысып, сөз сөйледі. Полковник Ахметов жаңа көліктердің шекара бөлімшелерінің жұмысын жақсартуға, патрульдеу мен күзет қызметтерін тиімді орындауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол шекарашылардың күнделікті қызметінде заманауи техниканың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Салтанатты рәсім барысында “Семей” шекара басқармасына қарасты шекара бөлімшелерінің бастықтарына жаңа көліктердің кілттері табыс етілді. Шекара бөлімшесінің бастығы мен жүргізушілері өз алғыстарын білдіріп, жаңа көліктердің шекара қызметінің жұмысын оңтайландыруға және қауіпсіздік шараларын күшейтуге үлкен үлес қосатынына сенім білдірді.
Жол талғамайтын “Jac” көліктері шекарашылардың табиғи қиындықтарға төтеп беруіне, әртүрлі климаттық жағдайларда тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл көліктер шекаралық бақылау мен патрульдеу жұмыстарын жүргізуде, сондай-ақ шұғыл жағдайларда әрекет ету кезінде аса қажет.
Шекара қызметінің жұмысы – еліміздің қауіпсіздігі үшін жауапты міндет. Сондықтан да, заманауи техниканың болуы шекарашылардың қызметін айтарлықтай жеңілдетеді және олардың кәсіби міндеттерін орындаудағы тиімділігін арттырады.
Бұл іс-шара шекара қызметінің дамуына және еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады. ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаменті алдағы уақытта да заманауи технологияларды енгізу арқылы шекаралық қауіпсіздікті нығайтуға өз үлесін қоса беретін болады.
#Семей, #Абайская область, #Граница