«Күз-2024» шақырылымы сарбаздарының әскери ант қабылдау рәсімі өтті.

«Күз-2024» шақырылымы сарбаздарының әскери ант қабылдау рәсімі өтті.

ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаменті Мақаншы ауданы бойынша шекара басқармасының  саптық алаңында «Күз-2024» шақырылымы сарбаздарының әскери ант қабылдау рәсімі өтті.

Сарбаз өміріндегі айтулы шараға Мақаншы ауданы әкімінің орынбасары Соғымбай Олжас Амангельдіұлы, ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары полковник Рахматуллаев Анвар Бахтиярович және Мақаншы ауданы бойынша шекара басқармасының басшылық құрамы,”Аналардың жүрегі” сарбаздар аналары кеңесі Республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай облысы бойынша өкілі Татерова Айнур Баяхметовна, Шекарашы ардагерлердің “Застава тарландары” Республикалық қоғамдық бірлестігінің Мақаншы ауданы бойынша филиалының ардагерлері және  сарбаздардың ата-аналары қатысты.

Отан алдындағы борышын өтеуге асыққан азаматтардың дәстүрлі әскери ант қабылдауы – Отансүйгіштік және патриоттық сана-сезімді қалыптастыруды мақсат етеді. Шараның мақсаты – бейбіт күннің батырлары ерлігін жас ұрпаққа насихаттау, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру болып табылады.

Биылғы «Күз-2024» шақырылымы бойынша еліміздің барлық өңірлерінен жасақталған 261-ге жуық сарбаз айбынды шекарашылар қатарын толықтырды. Ел шебін күзетуге сап түзеген сарбаздарды Мақаншы ауданы әкімінің орынбасары Соғымбай Олжас Амангельдіұлы құттықтап, алдағы мәртебелі міндеттерін лайықты деңгейде атқаруларына сәттілік тіледі. «Сіздердің әскери қызметтеріңіз – бос уақыт өткізу емес. Сіздерді жауапкершілікпен біздің шекараны қорғайтын, ұйқымызды тыныш қылатын, еліміздің абыройын көтеретін ең мықты әскери сарбаздар деп білеміз. Сол себепті қабылдаған әскери анттарыңызға адал болып өздеріңіздің кәсіби біліктіліктеріңізді шыңдап, елеулі азамат болуларыңызға шын жүректен тілектеспін», деді Олжас Амангельдіұлы.

Әскери қызметке енді аяқ басқан сарбаздар мен қатысушы қонақтар мен ата-аналарға музыкалық-сазды бағдарлама ұсынылды. Басқарма құрамындағы арнаулы мақсаттағы тобының ұйымдастыруымен жауынгерлік ұрыстағы жаттығулар көрермен назарына ұсынылды. Департамент басшылығы әскери ант рәсімінен кейін сарбаздардың ата-аналарымен кездесіп, сауалдарына жауап берді. Биыл екінші шақырылым бойынша Абай облысының азаматтары өз облыстарында қалып әскери қызметтерін өтеуде.

«Қазір әскерге шақырылған күннен бастап сарбаздар Мақаншы ауданындағы оқу-жаттығу орталығында үш ай қызмет етеді. Содан кейін Мақаншы ауданы бойынша шекара басқармасының  шекара бөлімдеріне жіберіледі. Кейбірі мерзімді әскери қызмет өткеруді Мақаншы ауданы бойынша шекара басқармасында жалғастырады. Демалыс және мереке күндері өнерімен ерекшеленген, иә спортта үздік шыққан сарбаздар үйлеріне жіберіледі. Мемлекеттік және ұлттық мереке күндері де сарбаз ата-аналарымен бірлескен шаралар ұйымдастырылады. Біз сарбаздарды алғашқылардың бірі болып, Шекара қызметіне шақырамыз. Егер кімде кім өз өңірінде әскери борышын өтегісі келсе, келесі көктемгі әскери шақыру өткізілетіні туралы хабарлаймыз», – деді ҰҚК ШҚ Абай облысы бойынша департаменті Мақаншы ауданы бойынша шекара басқармасының  бастығы подполковник Нүсіп Қуанышбек Нұржауұлы.


#Абайская область, #военный, #присяга, #Маканчинский район