Мәдени байланыстың маңызы артып келеді

Мәдени байланыстың маңызы артып келеді

Форумда Ыстанбұл қаласынан келген “Еуразия ынтымақтастығы қорының” басшысы Ахмет Түзүн “Мәдени мұралар арқылы түркінің ұлттық құндылықтарын насихаттау” тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Оның айтуынша, қайта бас қосып, бірлік аясында жүздесу - түркі дүниесінің дамуына серпін беретін қуанышты жағдай. Спикер өз сөзінде бұл кездесуді ұйымдастырғаны үшін Нәзия ханымға алғысын білдіре отырып, мәдени мұраның мәні мен маңызына тоқталды. Ахмет Түзүннің айтуынша, мәдени мұра халықтардың болашағын айқындайтын, бағыт беретін, олардың даму жолын анықтайтын баға жетпес қазына болып отыр. 

“Бір елге немесе жаңа өңірге барғанда ең алдымен оның жағдайын, тарихи қалыптасуын, өткені мен мәдениетін зерттейміз. Сол сияқты мәдени мұра да халықтың өткенін танып, болашағын дұрыс саралауға мүмкіндік береді. Ал түркі халқы әлемдегі ең бай әрі ең көне мәдениеттердің біріне ие. Кең байтақ географияда таралған тамыры терең, тарихы бай өркениетке айналған,” деді ол.

Спикер түркі әлемінің мәдени мұраларының сан қырлы әрі бір-бірінен ерекше екендігін атап өтті. Орхон ескерткіштері - ғасырлар қойнауынан жеткен ең құнды рухани және тарихи мұралардың бірі, түркі өркениетінің іргетасы. Сонымен қатар ол Қырғызстандағы Бурана мұнарасын, Самарқандтағы айрықша сәулет туындыларын, көне қалалардың тарихи келбетін еске салды. Оның пікірінше, бұл жәдігерлердің әрқайсысы түркі дүниесінің ортақ тамырын, мәдени байлығын айқын танытады.

Ахмет Түзүн сөзін жалғастыра отырып, UNESCO-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізімінде түркі дүниесінің елеулі орын алатынын атап өтті. “Олардың барлығын санап шығу мүмкін емес. Түркияның өзінде ғана әлемдік деңгейде танылған көптеген мұралар бар. Солардың бірі Ыстанбұл бұғазындағы теңдессіз Қыз мұнарасы,” деді ол. Спикер сондай-ақ ортақ географиялық кеңістікте орналасқан табиғи және тарихи нысандарды да тілге тиек етті. Ол Алтай тауларын түркі халықтарының тарихи бесігі, Тарбағатай тауларын, әлемдегі ең ірі каньондардың бірі саналатын Шарын каньонын, тарихы бай Қор-Сай өңірін атап өтті. Ахмет Түзүннің айтуынша, Каспий теңізі де түркі елдерінің ортақ байлығы және ғасырлар бойы маңызды геосаяси кеңістік болып келеді.

Баяндамашы түркі әлемiнің алдында тұрған өзекті мәселелердің де бар екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, Арал теңізінің бүгінгі мүшкіл жағдайы - ортақ мәдени және табиғи мұраға жеткілікті деңгейде құрмет көрсетпеудің салдары. “Арал - түркі тарихында ерекше орын алған, оның төңірегінде сан түрлі жырлар, аңыздар, әндер туған. Бірақ қазіргі жағдайы жүрек ауыртарлық. Бұл бізге мәдени және табиғи мұраларды сақтаудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір еске салады,” деді Ахмет Түзүн.

Форумда жасалған баяндама түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени кеңістігін сақтау, дамыту және болашақ ұрпаққа жеткізу мәселелерінің өзектілігін терең ашып көрсетті. Спикердің сөзі түркі әлемінің бай рухани мұрасын насихаттаудың маңызын айқындап, мәдени байланыстың халықтарды жақындастыратын қуатты құрал екенін атап өтті.


#медиа форум, #фондтюркоязычныхжурналистов