Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Бородулиха ауданында болды
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, "AMANAT"партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Айдар Садырбаев Бородулиха ауданына барды. Сапар барысында ол Петропавловка, Камышенка және Бородулиха ауылдарында болды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. Депутат алдымен ауылдардың инфрақұрылым жағдайымен танысып, салынып жатқан нысандар мен жөндеуден өткен ғимараттарды аралап көрді. Бородулиха ауылында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың көтерген әлеуметтік маңызы бар мәселелеріне ерекше назар аударды.

Азаматтар тарапынан көтерілген басты мәселелер қатарында Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендерді әлеуметтік қорғауды жетілдіру, әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету, ауылдарда тұрғын үй салу, электр желілерін жаңарту, жолдарды жөндеу сияқты өзекті тақырыптар болды. Тұрғындар бұл мәселелерге қатысты ұсыныстарын айтып, тиісті қолдау сұрады.

Сапар аясында Нұртай Сабильянов Семей қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі республикалық маңызға ие жолдың жөндеу жұмыстарымен де танысты. Биыл бұл жолдың 27 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, депутат 17 ауылды ауыз сумен қамтып отырған Белағаш топтық су құбырының қазіргі жай-күйін көріп қайтты. Су құбырының ғимаратын жөндеу, құрал-жабдықтарды жаңарту, ауылішілік су жүйелерін алмастыру және тариф мәселелерін шешу үшін қосымша қаржы қажет екені айтылды.

Депутат сапар барысында Белағаш пен Новопокровка ауылдарының арасындағы жолмен де жүріп өтті. Бұл жолдың әбден тозығы жеткенін айтып, тұрғындардың толық жөндеуге қатысты талаптарын жеткізді. Биыл осы бағыттағы жолдың 10 шақырымын жөндеуге қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары басталған.

Мәжіліс депутаты көтерілген мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолдап, бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Ақпарат депутаттаң әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
#Абайская область, #мажилис, #Нуртай Сабильянов, #Бородулихинский район