Мақаншы ауданында

Мақаншы ауданында "Әйел адамның қоғамдағы орны" тақырыбында форум өтті

Мақаншы аудандық кітапханасында Абай облыстық «AMANAT» партиясы әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Әйел адамның қоғамдағы орны» атты форум өтті,-деп хабарлайды  abaidan.kz ақпараттық агенттігі. Басқосуға аудан әкімі Д. Қойгелдин, Үржар, Мақаншы аудандық “AMANAT” партия филиалының атқарушы хатшысы Е. Бейсенов, «AMANAT» партиясының фракция жетекшісі Ш.Жанаева, облыстық мәслихат депутаты М.Қарашев, «AMANAT» партиясы әйелдер қанатының төрайымы, Мақаншы ауданының іскер әйелдер кеңесінің  төрайымы Ә. Әділханова, «ADAL AS» компаниясының HR директоры Р. Мадвасова және кәсіпкер нәзік жандар қатысты.

Шараның мақсаты - әйелдерге кәсіпкерлік бағытта жаңа мүмкіндіктер мен идеялар ұсыну, сондай-ақ олардың қоғамдағы рөлін дамыту. 

Қатысушылар «Елдің тұрақты дамуындағы әйелдер рөлі», «Әйелдердің ауыл шаруашылығына қосқан үлесі», «15 жылғы қызмет: Даму мен Жетістік» тақырыптарында ойларын ортаға салды. 

«ADAL AS» компаниясының HR директоры Р. Мадвасова елімізге кеңінен танымал Ұлттық өнім өндіретін компанияның 15 жылда жеткен жетістіктерімен бөлісті. Өндіріс орны халықтың денсаулығына пайдалы табиғи өнімдерді шығаруда. Бүгінде компания 60-қа жуық өнім түрін шығарады. Барлық өнімдер сертификатталған. Тауарлар Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан өзге Астана, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Павлодар, Қостанай, Көкшетау т.б қалаларда сатылады. Айта кетерлігі, кәсіпорын отандық және шетелдік көрмелерден шет қалған емес. 

Жақсы жұмыс істей білген ұжым, жақсы демала да біледі. Компанияның жұмысшылардың демалыстарын тиімді, әрі қызықты өткізулеріне ерекше көп көңіл бөлінеді . Жаз мезгілінде табиғат аясындағы тимбилдингтер ұйымдастырылып, қыс маусымында шаңғы базасында таза ауада демалады. Былтыр Қоңырәулиеге саяхат ұйымдастырылды. Әр демалыс сайын 2 кезекпен 40-тан астам адам тынығып қайтты. Сондай-ақ, Шошқалы көліне де демалыс ұйымдастырылды. Атап өтерлігі, мұндағы жол мен азық-түлік шығынын фирма өтеді. Шараның мақсаты – цех жұмысшылары арасындағы байланысты нығайтып, командалық рухты көтеру,-деді HR директор. 

Өндіріс орны жаңа өнімдерді де шығаруда. Соның бірі – «AS TAL» коктейлі. Табиғи таза өнім. Ешбір қоспасыз дайындалғандықтан денсаулықты жақсартуға септігі мол. Ағзаны тазарту, күш-қуат беру, қан қысымын реттеу, қанның құрамындағы қант мөлшерін төмендету, салмақ азайтуда таптырмас өнім. 

Сондай-ақ компанияның 15 жыл ішінде Шығыс халқының ортақ мейрамы – Наурыз мерекесін ауқымды түрде атап өтетіні айтылды.

Бұдан басқа 2021 жылы қазан айында 9 жұмысшы тұңғыш рет компания есебінен «Сарығаш» шипажайында демалуға мүмкіндік алса, 2022 жылы маусым айында жұмысшылардың екінші легі «Сарыағаш» шипажайына барған.  2023 жылы «Адал Ас» ұжымының мүшелері тұңғыш рет шетелде демалуға мүмкіндік алып, Египет елінде болып қайтқан.Сол жылы қызметкерлердің екінші легі Түркияның Анталия қаласында еңбек демалыстарын тиімді әрі есте қаларлықтай өткізген. 

Компания жыл сайын 1-қыркүйекте мектеп табалдырығын аттаған балаларды қажетті оқу құралдарымен және барлық жұмысшылардың мектеп жасындағы балаларын кеңсе тауарларымен қамтамасыз етеді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Абай-Зере» мектебіне демеушілік етеді. Оның қызметі – шалғайдағы ауылдардан келген балалардың бір жерде сапалы білім алып, болашақта жоғары оқу орындарына грантқа түсуге дайындалуына мүмкіндік жасау. Бұған қоса, компания түрлі қайырымдылық шараларға қатысады. Мысалы, мектеп-интернат тәрбиеленушілерінің мектеп бітіру кештеріне демеушілік жасап, жалғызбасты қарияларға арналған әлеуметтік мекеме қарамағындағы жандарға қарттар күніне орай тәтті тағамдар салынған пакеттер таратады. Жыл сайын компания 50-ден астам балаға жаңа жылдық тәтті сыйлық тегін таратады. Бұған қоса, ұжым мүшелеріне жылына бірнеше рет қомақты сыйақы беріледі. 

Компания үшін басты құндылық – адам факторы. Сондықтан, жұмысшыларымыз бен қызметкерлерімізді қолдау маңызды. Серіктестігімізде өмірдің қиын жағдайына тап болған, денсаулығына байланысты уақытша жұмыстан шеттелген әріптестерімізге үнемі қолдау көрсетіліп отырады. Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы. Біз адал, әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдарды құрмет етеміз. Президенттің "Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс" қағидатына өндіріс орнының бағыты толықтай сай келеді. Сондықтан компания басшылығы бұл жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра береді,-деді Рысгүл Айткәрімқызы. 

Бүгінде «ADAL AS» компаниясы еңбек ұжымына деген қамқорлығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ өндіріс орны еліміздің экономикасы мен әл-ауқатының артуына өзіндік үлес қосуда. 

Форумда әйелдердің қоғамдағы рөлі, олардың өмірдегі орны мен маңызы кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, аудандағы кәсіпкер әйелдерге бизнес ашу мен оны табысты жүргізу жолдары туралы мәлімет берілді. Жиналғандар кәсіпкерлік бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, ауданның әлеуетін арттыруға бағытталған пікір-ұсыныстарын ортаға салды.


#Абайская область, #партия АМАНАТ, #Маканчинский район