«Мемлекеттік тіл – менің тілім»: Ұлттық ұлан әскери қызметшілері тіл білімін сынға салды

«Мемлекеттік тіл – менің тілім»: Ұлттық ұлан әскери қызметшілері тіл білімін сынға салды

Семей қаласындағы Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінде өзге ұлт өкілдері болып қызмет атқаратын әскери қызметшілер арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты тіл сайысының екінші кезеңі өтті. Рухани-танымдық іс-шара Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың мәжіліс залында ұйымдастырылды.

Сайыстың басты мақсаты – әскери қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыру, қазақ халқының тіліне, мәдениеті мен салт-дәстүріне деген құрмет сезімін қалыптастыру, сондай-ақ түрлі ұлт өкілдері арасындағы достық пен өзара сыйластықты нығайту.

Байқау барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша бақ сынады. Олар қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқып, мақал-мәтелдер айтып, ұсынылған тақырыптар аясында шағын әңгіме құрастырып, өздерінің тілдік қорын, ойлау қабілеті мен шешендік өнерін көрсетті. Әділқазылар алқасы қатысушылардың мемлекеттік тілді қолдану деңгейіне, сөйлеу мәдениетіне, сахнадағы өзін-өзі ұстауына және шығармашылық қабілеттеріне жан-жақты баға берді. Сайысқа Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ақын Дәмеш Омарбаева, сондай-ақ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысыныңтәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Арман Сеитов төрағалық етті. Қазылар алқасы қатысушылардың өнері мен білімін саралап, жеңімпаздар арасынан үздіктерді анықтады.

Іс-шараны Ұлттық ұланның Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімшесі ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар әскери ортада мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, әскери қызметшілердің қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастама әскери ұжымдағы бірлік пен татулықты нығайтуға ықпал етеді. Байқау қорытындысы бойынша қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде бағаланып, үздіктер анықталды. Нәтижесінде, І орынды 3514 әскери бөлімінің ефрейторы Виктор Синицын иеленді. ІІ орынға 5512 әскери бөлімінің ефрейторы Дмитрий Майоров лайық деп танылды. Ал ІІІ орынды 6679 әскери бөлімінің аға лейтенанты Николай Гафитулин еншіледі.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар, сертификаттар және қаржылай сыйақылар табысталды. Марапаттау рәсімінде қазылар алқасы қатысушылардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасы мен белсенділігін ерекше атап өтті.


#язык, #Национальная гвардия