Облыс бойынша су басу қаупі бақылауда
Абай облысы бойынша аймақтардағы су басу қаупі жағдайларының алдын алу мақсатында 1345 адам және 460 бірлік техника, 11 жүзу құралы, 161 су айдау құрылғысы бар күштер мен құралдар жұмылдырылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Абай облысының ТЖД бастығының орынбасары, полковник Азамат Орымбаев мәлімдеді,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі.
Спикердің айтуынша, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы өзендер арнасындағы қар қорының орташа мөлшері 22%-дан 66% - ға дейін , ал ылғал жинақтау кезеңіндегі жауын-шашын мөлшері 31%-дан 64% - ға дейін жоғары.
- Абай облысы бойынша су басу қаупі бар аймаққа 33 елді мекен кіреді. Оның ішінде Ертіс өзені мен Уба су деңгейінің жоғарылауы жағдайында 8 елді мекенді су басу қаупі бар. Қазіргі уақытта облыс көлемінде жағдай тұрақты бақылауға алынған, - деді ТЖД бастығының орынбасары.
Облыс аумағында қалалар мен аудандардың әкімдіктері, мүдделі мемлекеттік органдар су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарын іске асыруда. Алдағы су тасқыны қауіпті кезеңге дайындық мақсатында ТЖ алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның 6 отырысы өткізілді. Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының ұсынған деректеріне сәйкес елді мекендерден шамамен 293 263 м3 қар шығарылған.
- Қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары 442 тонна жанар жағармай материалдары, 62 мыңнан астам дана қап және 2970 тонна инертті материалдар дайындады. Ертіс және Уба өзендерінде кептелістердің пайда болуын болдырмау мақсатында мұзды ұсақтау бойынша жарылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп атап өтті Азамат Орымбаев.
Халықты хабардар ету жүйесін кеңейту үшін Департаменттің ағымдағы жылы 50 бірлік сирень-сөйлеу құрылғыларын, оларға 9 аудандық басқару пультін және жалпы қаржыландыру сомасы шамамен 470 млн. теңгені құрайтын цифрлық телерадио хабарларын тарату жүйесін сатып алуға бюджеттік өтінімі қолдау тапқан. Ол төтенше жағдай қаупі туындаған жағдайда, оның ішінде су тасқыны қаупі туындаған болса облыс тұрғындарын уақытылы хабардар етуге мүмкіндік береді.
#Абайская область, #талая вода