Облысымызда жылу маусымы қалыпты

Облысымызда жылу маусымы қалыпты

Абай облысында жылу маусымы штаттық режимде өтуде. Сондай-ақ жылу көздеріндегі жылу тасымалдағыштың параметрлері нормативтік көрсеткіштерге сәйкес келеді. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаевтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Қайырханов баяндады,- деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде облыс орталықтандырылған жылумен жабдықтау қуаты сағатына 100 Гкал асатын 4 ірі және сағатына 100 Гкал кем 41 жылу көздерімен қамтамасыз етіледі. Автономды қазандықтардың саны 330. Облыстағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 401,8 шақырым болса, оның 322 шақырымы Семей қаласына тиесілі. Семей қаласын жылумен жабдықтауды 21 қазандық және «Теплокоммунэнерго» МКК №1 ЖЭО жүзеге асырады. Одан бөлек 76 орталық жылу пункттері бар.

«Жылу маусымы басталғаннан бері жылумен жабдықтау желілерінде тіркелген технологиялық бұзушылық айтарлықтай азайды. Нақты айтар болсақ, 2023-2024 жылдардағы күзгі қысқы кезеңге қарағанда 46%, жылу көздерінде 78% дейін төмендеді. Сондай-ақ электрмен жабдықтау желілерінде тіркелген авариялық ажыратулар өткен жылу маусымының ұқсас кезеңімен салыстырғанда 11%-ға аз. Авариялық қызметтердің қызметкерлері технологиялық бұзушылықтарды уақтылы және нормативтік регламенттер шеңберінде жойып отырады», - деді облыстық басқарма басшысы.

Өңірдің көмірге жалпы қажеттілігі 1 млн 247 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде тұрғындарға қажетті көмірдің 83%, жылу көздері үшін 56%, әлеуметтік нысандар үшін 100% жеткізілді. Облыстың коммуналдық-тұрмыстық секторы және жылу көздеріне көмірді уақтылы жеткізу үшін «Қаражыра» АҚ және «ҚТЖ» АҚ-мен бірлескен кесте бекітілген. Тұрғындар мен коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін көмір сататын 16 пункт жұмыс істейді (12 теміржол тұйығы және 4 ірі қойма). Барлық нысандар қажетті техникамен, жүк көлігі үшін кіру тұрақтармен жабдықталған. Басқарма облыстың елді мекендеріне көмірдің қажеттілігі мен жеткізілуіне күнделікті мониторинг жүргізеді. 

«2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында облыста 22 жоба ақталды. Осы жобалар шеңберінде 26,1 шақырым жылу желілері мен 17 жылу көздерінде жұмыс жүргізіліп, жоспардың 100 % орындалды. Оның ішінде Семей қаласы бойынша 14,7 шақырым қайта жаңарту, 4,8 шақырым желілер мен 10 жылу көздеріне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша 2024 жылы облыстың жылу желілерінің тозуы 64,2%-дан 60,3%-ға дейін төмендеді. Ал 2025 жылы қалған жобаларды толық аяқтау, сондай-ақ екі жаңа жобаны іске асыру нәтижесінде тозуды 57,6% дейін төмендету күтілуде», - деді Жандос Маратұлы өз баяндамасында.

Әкімдік отырысында облыс кәсіпорындары мен заңды және жеке тұлғалардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегі талқыланды. Осыған байланысты аймақ басшысы нақты шараларды қолға алып, қарызбен күресті күшейтуді тапсырды. 

«Атқарушы билік өз тарапынан облыс тұрғындарын жылумен, сумен, электр энергиясымен қамтамасыз етуге бар күшін салады. Жылу мәселесі менің жеке бақылауымда. Дегенмен, тұтынушылар өз жауапкершілігін сезінуі тиіс деп есептеймін. Коммуналдық қызметке уақытында төленген өтемақы жылу маусымын ойдағыдай аяқтауымызға септігін тигізетіндігін ескергеніміз жөн. Осыған орай өз орынбасарларым мен басқарма басшылары, қала және аудан әкімдеріне берешекті өтеу бойынша жұмысты жандандыруды тапсырамын», -деді облыс әкімі.


#Абайская область, #отопительный сезон