Президентпен таныстым...
Көптен ойда жүрген еді, орындалды. Алланың қолдауы, тағдырдың жазуы шығар. Бұл таныстық мен үшін өте маңызды. Себебі қазақ журналистикасының абыройын арттырып, беделін биіктетуге жанын салып жүрген Президентпен кездесіп, танысу мен үшін ерекше болды. Бұған дейін БАҚ арқылы естіп, көріп жүрсем де жүзбе-жүз кездессем деп ойлайтынмын. Оған Алматы қаласында желтоқсанның 2 – 4 –і аралығында өткен «Түркітілдес журналистер қоры” ҚҚ мен Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы (World Foreign Press Association – WFPA) «Шеврон» компаниясының серіктестігінде ІІІ Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы себепші болды.
Форумды естігеннен осы жолы қалайда қатыссам деген ой мазалады . «Түркітілдес журналистер қоры” ҚҚ ұйымдастырған «Әлеумет – қоғам айнасы» және «Еркін сөз» байқауларына тәуекел етіп, материалдарымды жолдап, қабылданғаны туралы хабар алдым. Бағдарлама қолыма тиісімен, жолға шықтым. Мақсатым – ауқымды шараға қатысып, Президентпен, жер-жердегі әріптестермен танысып, пікір алмасу. Жаңа медианың мүмкіндіктерін меңгеру болды. Алғашқы күні жолда болып, қатыса алмасам да, форумның екінші күнінде семинарларға қатыстым. Дәл сол сертификат тапсырған күні «Түркітілдес журналистер қоры” ҚҚ Президенті Нәзия Жоямергенқызымен кездесіп, таныстым.
Ашық- жарқын, жұрттың бәріне бірдей кеңпейіл жан бірден баурап алды. Бұрыннан танитындай аңқылдап, құшағын айқара ашып, жымия қарсы алды. Президентті көріп, танысқаныма, халықаралық деңгейдегі ауқымды шараны осындай талдырмаш қазақтың қызының атқарып жатқанына таңдандым, сүйсіндім, мақтандым. Мамандығына деген адалдығы, жанының әр адамға деген тазалығы, қабілет - қарымы, өжеттігі, қайсарлығы мені тәнті етті. Ішімнен Президентім тіл-көзден аулақ болсаң екен, сендей жандар тұрғанда қазақ журналистикасының болашағы зор болатыны сөзсіз деп, іштей тілеуін тілеп тұрдым.
P.S Форумда мен "Әлеумет - қоғам айнасы - 2023" байқауында жүлделі 1 орынды иелендім. Бұл мен үшін күтпеген тосынсый болды. Осындан-ақ, байқаудың әділ өткенін аңғаруға болады.
#Президент, #фондтюркоязычныхжурналистов, #ФорумАлматы, #Назия Жоямергенкызы