Президенттің Ұлттық құрылтайдағы сөзі: тарихи сабақтастық пен елдің дамуына бағытталған стратегиялық қадамдар
"AMANAT" партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Қанат Әділбай Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы сөзі тарихи сабақтастық, елдің болашағы және нақты істер арқылы қоғамның дамуына арналған маңызды мәселелерді қамтыды деп атап өтті. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. Оның айтуынша, Президенттің Қызылордадағы отырыстағы сөзі өңірдің қазақ мемлекеттілігінің сабақтастығы мен мәдени мұрасының символы екенін көрсетті. «Сыр – Алаштың анасы» деген ұлағатты сөз арқылы тарихи мұраны сақтау және оны қазіргі ұрпаққа жеткізу – әр азаматтың жауапкершілігі ретінде ұсынылды.
Ұлттық құрылтайды реформаларды жүзеге асырудағы қозғаушы күш ретінде атап өткен Мемлекет басшысы, ұсыныстар негізінде 26 заң қабылданып, әйелдер мен балалардың құқықтары, лудомания мен нашақорлыққа қарсы шаралар, еңбек мәртебесі мен ономастика мәселелері шешімін тапқанын жеткізді. Бұл реформалар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және жаңа құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етуде.
Қызылорда облысының экономикалық және инфрақұрылымдық дамуының нақты көрсеткіштері сөз болды: өңірдің ЖІӨ 6,5%-ға өсуі, инвестициялар тарту, жаңа ЖЭО іске қосылуы және газдандыру деңгейінің 80%-ға жетуі – Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттырудағы маңызды қадамдар. Сонымен қатар білім, мәдениет, спорт және медициналық нысандардың салынуы өңірдің әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосқанын дәлелдейді.
Су ресурстары мен Арал мәселесі стратегиялық басымдық ретінде қарастырылып, Көкарал бөгетін күшейту және Халықаралық экологиялық саммиттің өткізілуі арқылы өңірлік проблемаларды шешу жолдары көрсетілді.
Президент цифрландыру мен жасанды интеллектке ерекше мән беріп, олардың жүйелі енгізілуі, энергетикалық базаны қамтамасыз ету және дата-орталықтар құру арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізу тапсырылды. Бұл Қазақстанның цифрлық экономикадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Мәдениет, өнер және ұлттық тарихи мұраны сақтау мәселелері де сөздің басты бағыттарының бірі болды. Абай, Әл-Фараби, Ясауи ілімдері мен «Ұлттық цифрлық архив» құру бастамасы арқылы ұрпаққа рухани тәрбие беру және ұлттық бірегейлікті сақтау міндеті нақты көрсетілді.
Сонымен қатар, патриотизмнің нақты істермен, заңға құрметпен және туған жерге қамқорлықпен көрінетіні, азаматтардың таңдау еркіндігі мен заң үстемдігін қамтамасыз ету маңызды екені айтылды.
Сөз соңында Мемлекет басшысы парламенттік реформаның негізгі бағыттарын, бір палаталы парламентке өту, депутаттардың өкілеттігін кеңейту, әлеуметтік әділеттілікті сақтау, партиялық және өңірлік теңгерімді қамтамасыз ету, жаңа Парламент жұмысының тәртібін айқындауды атап өтті. Сонымен қатар Конституцияны жетілдіру, вице-президент институтын енгізу, Халық Кеңесін құру және сайлау механизмдерін жетілдіру сияқты маңызды өзгерістер де іске асырылатыны көрсетілді.
Жалпы, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы сөзі тарихи сабақтастықты сақтау, ұлттық бірегейлікті нығайту, әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету, цифрландыру мен инновацияларды енгізу және демократиялық реформаларды тереңдетуге бағытталған нақты стратегиялық шараларды қамтиды.
#Президент РК, #партия АМАНАТ, #Национальный Курултай