Семей қаласында 40 аула аумағында асфальттау жұмыстары жүргізілді
Абай облысында жол инфрақұрылымын дамыту және жолаушылар тасымалын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан баяндады.
Спикердің айтуынша, облыстағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 10 038 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 2 176 км, облыстық – 1 588 км, аудандық – 2 878 км, ал елді мекен көшелері – 3 396 км. Соның 756 шақырымы Семей қаласына тиесілі.
- 2025 жылы жолдарды жөндеу, күтіп ұстау, қайта жаңғырту және жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге 31,9 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат аясында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 109 шақырымын қамтитын 7 учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, аудандық маңызы бар жолдардың 138 шақырымындағы 14 учаске, сондай-ақ Аягөз қаласы, Қабанбай және Мақаншы ауылдарындағы 29 көше жөнделді, – деді Мерей Байырхан.
Сонымен қатар, Семей қаласында асфальттау қарастырылмаған, бірақ жол жабындысының жағдайы қанағаттанарлықсыз болған көшелерде грейдерлеу, профильдеу және инертті материалдармен нығайту жұмыстары атқарылған. Қазіргі таңда мұндай жұмыстар 90-ға жуық көшеде аяқталған.
2026 жылы да жол жөндеу және асфальттау жұмыстары өткен жылдардағы деңгейден төмен түспейтін көлемде жалғасады.
- 2025 жылдың қорытындысы бойынша жол инфрақұрылымын дамыту бағытында жоспарланған барлық жұмыстар толығымен орындалды. 52 көшеде орташа жөндеу жүргізіліп, оның 36-сында алғаш рет асфальтбетон жабыны төселді. Сонымен қатар, аспалы көпірде, сол жағалаудағы айналма жол айрығында және ескі көпірде асфальт жабыны толық ауыстырылды. Бұдан бөлек, 40 аула аумағында асфальттау жұмыстары жүргізілді. 2023–2025 жылдары абаттандырылған, бірақ жол жабыны төселмеген 70-ке жуық аула аумағында аулаішілік және кварталішілік жолдарды асфальттау жоспарланып отыр. Асфальт төсеу көзделмеген көшелерде уақытша шара ретінде грейдерлеу жұмыстары жүргізіледі, – деді Семей қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әділбек Увасилов.
Сондай-ақ қалада ірі инфрақұрылымдық жобалар да әзірленуде. Атап айтқанда, Шугаев көшесі бойындағы көлік айрығын қайта жаңғырту жобасы мемлекеттік сараптамадан өту сатысында, Жамақаев көшесін қайта жаңғырту және теміржол үстінен өтетін жол өткелін салу жобасы келісу кезеңінде тұр.