Семей қаласында әскери міндеттілердің әскери жиыны басталды.
Абай гарнизонына қарасты «Шығыс» түраралық оқу-жаттығу полигонына Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан бір жарым мыңға жуық қазақстандық оқуға келді.
Мұнда бір ай ішінде мотоатқыштар, танк, артиллерия, зениттік бөлімшелердің, жауынгерлік, тылдық және техникалық қамтамасыз ету мамандары, сондай-ақ жауынгерлік машиналардың механик-жүргізушілері қайта даярлаудан өтеді. Жалпы дайындық 41-ші мамандық бойынша жүзеге асырылады.
- Әскери міндеттілерді полигонға орналастыру үшін далалық лагерь ашылды. Қажетті мүлікпен және жабдықталған шаруашылық жабдықтау пункттері, тұрмыстық қызмет көрсету бөлмелері және далалық моншалар ұйымдастырылған. Сондай – ақ жауынгерлік дайындық және машиналарды жүргізу бойынша сабақтар өткізілетін орындар да толықтай жабдықталды, - дейді жұмылдыру жиындары лагерінің бастығы полковник Бекболат Ғабдуллин.
Жиынды ұйымдастырушылар атап өткендей, сабақтар әскери міндеттілердің білімін өзектендіруге және практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Офицерлік, сержанттық және қатардағы құрамдарды даярлау сапасына және оқытудың жаңа әдістерін енгізуге ерекше назар аударылады.
- Әлемдегі геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы әскери міндеттілердің шеберлігін жетілдіруге бағытталған жиындар өткізуге міндеттеп отырғаны анық. Менің отбасым мұндай қажеттілікке түсіністікпен қарайды. Ата – анам, жұбайым да «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында нақты айтқанда байланыс торабының әскери қызметшісі болды, - деп бөлісті жиынға қатысушы Семей қаласы Шәкәрім атындағы №5 гимназияның информатика пәнінің мұғалімі Айдос Тұрсынбеков.
Жалпы жиындар әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің деңгейін арттыруға, ерекше кезеңде Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды арттыру үшін қажетті әскери оқыту резервін дайындауға және запаста жинақтауға бағытталған.
Естеріңізге сала кетейік, әскери міндеттілер үшін әскери жиындар кезінде жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталады. Бұдан басқа, олар орташа айлық жалақыны мемлекет есебінен алады, ал жұмыс істемейтіндер – ең төменгі жалақы – 85 мың теңге мөлшерінде алатын болады.
#Семей, #Абайская область, #военный, #военнослужащий