Семей қаласындағы қоғамдық көліктерде жылжымалы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Семей қаласындағы қоғамдық көліктерде жылжымалы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Жылжымалы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі № 2, 4, 12, 13, 33, 35, 39 бағыттарға қатынайтын қоғамдық көліктерде өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі облыстық Еңбек мобильділігі орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жәрмеңкені Семей қаласының мансап орталығы, Абай облысының Еңбек мобильділігі орталығы және «Семавтопарк» ЖШС-мен бірлесе ұйымдастырды. 

Жұмыспен қамту мақсатында ұйымдастырылған шара аясында 169 жұмыс берушіден 538 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңке аясында 3500-ден астам адам қамтылды.Сондай-ақ мамандар белгіленген бағыт бойынша қоғамдық көліктерді аралап тұрғындарға тұрақты және уақытша бос жұмыс орындарын ұсынды. Оның барысында жұмыспен қамтудың белсенді шаралары туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық брошюралар таратылды. Жәрмеңке сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін жалғасты. Айта кету керек, әр аптаның жұма күні Семей қаласында сауда үйлерінде жылжымалы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіледі. 

2024 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша жыл басынан бері 73 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Оған 285 жұмыс беруші және 2372 жұмыс іздеуші қатысты. Оның аясында жұмыс іздеуші азаматтарға бірінші кезекте тұрақты лайықты бос жұмыс орындары қарастырылып, егер тұрақты лайықты бос жұмыс орындары табылмай жатқан жағдайда уақытша субсидияланатын жұмыс орындары ұсынылады. Жұмыс іздеуші тұлғаның қажетті кәсіптік біліктілігі болмаса, кәсіптік дағдыларға сай келетін жұмыс табылмаса немесе бұрынғы кәсібі бойынша жұмысты орындау қабілеті жоғалса кәсіптік оқытуға жолданады.

Абай облысы бойынша 2024 жылы 23 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. 6312 адамды тұрақты жұмыс орнына, 5871 адамды субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру жоспарланып отыр (3588 адамды қоғамдық жұмысқа, 278 адамды әлеуметтік жұмыс орнына, «Жастар практикасына» - 737 адамды, «Алғашқы жұмыс орны»- 280 , «Ұрпақтар келісімшарты» - 16, «Күміс жас» жобасы аясында - 972 адам).

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 400 АЕК көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грантты 204 адамға беру жоспарлануда. Сондай-ақ 10000 тұрғынға шаққанда 100 жұмыс орны көрсеткіші бойынша 9313 жұмыс орнын және  инфрақұрылымдық жобалар аясында 1695 жұмыс орнын құру жоспарланған. Сондай-ақ 276 адам кәсіптік оқытуға жолданбақ.


#Семей, #Абайская область, #общественный транспорт