Семейде 1873 жылы салынған тарихи ғимарат жаңғыртылып жатыр

Семейде 1873 жылы салынған тарихи ғимарат жаңғыртылып жатыр

Облыс әкімі Берік Уәли Семейдегі 1873 жылы салынған, бұрынғы зоовет институты ғимаратын аралап, нысанды қайта жаңғырту жобасымен танысты. 

Тарихи ғимарат жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. 1917 жылы нысанда өрт болып, тек қабырғалары ғана сақталған. Қала тұрғындарының қолдауымен нысан бір ай ішінде қалпына келтіріліп, 1918 жылғы 18 қаңтарда қайта пайдалануға берілген. 1950 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің шешімі негізінде Семей қаласында зооветеринарлық институт ашылып, оқу орны үшін үш қабатты ғимарат бөлінген. 1986 жылы ғимаратта қайтадан өрт болып, тек негізгі қабырғалары қалған. Жоба аясында нысанның тарихи келбеті толық сақталып, заманауи талаптарға сай көпфункционалды кешен ретінде қайта бейімделмек.

Нысан қонақүй-мейрамхана және әкімшілік-коммерциялық бағыттағы екі блоктан тұрады. Жеке инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан жобаның құны – 5 миллиард теңге. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 150 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Аймақ басшысы ғимараттың тарихи келбетін сақтай отырып, оны қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет ететін заманауи көпфункционалды кешенге айналдырудың маңызды екенін атап өтті.

«Қаланың дәл ортасында орналасқан ғимарат ұзақ уақыт бойы қараусыз қалып, шаҺардың көркіне кері әсер етіп тұрды. Енді міне 40 жылдан кейін құрылысы қайта жанданды. Инвесторларға рахмет айтамыз. Біздің ұсынысымызды қабыл алып, үлкен тарихи ғимаратқа қалпына келтіру жұмысын бастап кетті. Жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Нысанды тарихи келбетін сақтай отырып жаңғыртатын болсақ, нағыз тарихи ғимаратқа айналады. Семейдің ең көрікті орындарының бірі болады деп сенеміз. Уақытша қолайсыздықтарға тұрғындар түсіністікпен қарайды деп ойлаймыз», – деді Берік Уәли.

Абай облысында тарихи ғимараттарды қалпына келтіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Былтыр, желтоқсан айында 1890 жылы ағайынды Мусиндер салған ғимарат жаңартылып, «Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақ үй кешені ретінде пайдалануға берілді.