Семейде қаланың жаңа бас жоспары бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді

Семейде қаланың жаңа бас жоспары бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді

Бас жоспардың болжамды қолданылу мерзімі-2055 жыл. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап, abaidan.kz агенттігі хабарлайды.
“Астанагенплан” ЖШС директорының орынбасары Серік Әбдірахманов жаңа Бас жоспардың басты міндеті – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және жаяу жүргіншілер аймақтарына назар аудару екенін атап өтті.
 

– Семей қаласы өзінің тарихи дамуының бірнеше кезеңінен өтті. Дегенмен, қолданыстағы Бас жоспарды қайта өңдеу қажет. Жаңа бас жоспарда біз қауіпсіздік аймақтарын қарастырамыз. Құрылыс үшін ең қолайлы аумақтар: Жаңасемей, Суықбұлақ, Жарқын аудандары, сондай-ақ оң жағалаудағы қолданыстағы құрылыс белгіленген. Жалпы жаңа Бас жоспардың міндеті бұрынғы бас жоспарға өзгерістер енгізе отырып құрылысты дамыту. Бұл ретте, облыс орталығының мәртебесін ескере отырып, жаңа жобалық ұсыныстар әзірленді, - деп хабарлады спикер.

 

Сонымен қатар, Серік Әбдірахманов Ұлттық статистика бюросының болжамдары мен деректеріне сәйкес 2040 жылға қарай Семей халқының саны 385 мың адамды құрайтынын атап өтті.
 

- Бас жоспарда мынадай жобалау кезеңдері қабылданды: жаңа бас жоспарды жобалаудың бастапқы жылы 2023 жылғы 1 қаңтар, құрылыстың бірінші кезегі – 2030 жылға дейін, бас жоспардың есептік қолданылу мерзімі – 2040 жыл, болжамды мерзімі – 2055 жылға дейін. Бас жоспарға сәйкес, Семей халқының болжамды саны 2040 жылға қарай 385 мың адамды құрайды,қазіргі саны 308 мың. Тұрғын үй қорының көлемі екі есеге жуық, 11 млн м2-ге дейін ұлғаяды. Өнеркәсіп аймағының ауданы 2,6 мың гектарды құрайды, - деп атап өтті Серік Әбдірахманов.
 

Сондай – ақ, спикер бұзу аймағынан саяжай массивтері-Мұрат, Бобровка, сондай-ақ Шығыс, сол және оң жақтары алынып тасталғанын айтты.


#Абайская область