Семейде “Күз-2025” жас сарбаздарды әскерге шақыру науқаны басталды

Семейде “Күз-2025” жас сарбаздарды әскерге шақыру науқаны басталды

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Семей қаласындағы Жеңіс саябағында “Күз-2025” әскерге шақыру науқаны ресми түрде басталды. Бұл – Абай облысының жас сарбаздарын шығарып салуға арналған алғашқы салтанатты рәсім.

Іс-шараға Абай облысы әкімінің орынбасары, облыстық әскерге шақыру комиссиясының төрағасы Мейірлан Раханов, Абай облысы қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Руслан Омаров, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары полковник Анвар Рахматуллаев, тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар басқармасының бастығы подполковник Айдын Чуримбаев, “Застава тарландары” республикалық ардагерлер бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы, запастағы подполковник Анарбек Еркешов, “Аналар жүрегі” сарбаз аналар комитетінің Абай облыстық филиалының жетекшісі Айнур Татерова, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары қатысты.

Алғашқы құттықтау сөзді облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов айтты. Ол өз сөзінде:

– Әскер – жас ұрпақтың ер жету мектебі. Бүгін Абай облысының жастары Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанып барады. Сіздер – ел қорғаны, тәуелсіздіктің тірегі боласыздар. Әрқайсыңызға мықты денсаулық, қайсарлық пен абыройлы қызмет тілеймін, – деді.

Одан кейін сөз алған Абай облысы қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Руслан Омаров:

– Бүгінгі күні әскерге шақырылып жатқан жастар – біздің болашағымыздың кепілі. Әскер қатарында сіздер тәртіпке, шыдамдылыққа, бірлікке үйренесіздер. Бұл өмір бойы қажет болатын асыл қасиеттер. Барлығыңызға сәттілік тілеймін, – деп атап өтті.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары полковник Анвар Рахматуллаев өз құттықтауында:

– Шекара қызметінде қызмет ету – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Жас сарбаздарымыздың патриоттық рухы биік, Отанға адал қызмет ететініне сенемін. Әрқайсысыңыз Қазақстанның бейбітшілігі мен қауіпсіздігін қорғауға лайық үлес қосасыздар, – деді.

“Застава тарландары” республикалық ардагерлер бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы, запастағы подполковник Анарбек Еркешов болса:

– Біз ардагерлер сіздерге үлгі болуға тырысамыз. Шекарашы – елдің қалқаны, халықтың қорғаны. Бүгінгі жас сарбаздар сол дәстүрді жалғастырып, ата-баба аманатына адал болатынына сенемін, – деп жастарға ақ жол тіледі.

Шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде көтеріліп, Қорғаныс министрлігінің әскери оркестрі патриоттық әуендер орындады.

Сонымен қатар, “Күз-2024” шақырылымында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар ефрейтор Алдияр Құсаинов пен Мерей Құмарғажы сөз сөйлеп, өздерінің әскердегі тәжірибесімен бөлісіп, ізін жалғастыратын бауырларына сәттілік тіледі.

Іс-шара соңында ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінде қызмет етіп жүрген қатардағы жауынгер Ерасыл Төлеш патриоттық ән шырқап, жас сарбаздарға рух сыйлады.


#Семей, #военный, #солдат