Семейде Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты шара өтті
Семей қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев және мемлекеттік қызметшілер қатысты. Іс-шара барысында мемлекеттік қызмет саласына жаңадан келген жас мамандар – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Мейрамбек Социалов пен экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Даяна Садуақасова салтанатты түрде ант қабылдады.Жиында сөз сөйлеген қала әкімі мемлекеттік қызметтің қоғамдағы маңызына тоқталып, бұл салада еңбек ететін мамандардың жауапты әрі абыройлы қызмет атқарып жүргенін атап өтті.

Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген қанатты сөзі бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл – мемлекеттік қызметтің мәні мен маңызын айқындайтын терең ой. Білім мен біліктілік, тәжірибе мен кәсібилік маңызды болғанымен, елге адал қызмет ету, халықтың сенімін ақтау, жауапкершілікті жоғары қою – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты қағидаты. Бүгінде Семей қаласы әкімдігі жүйесінде 250-ден астам мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Олар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, мемлекеттік бағдарламалар мен маңызды жобаларды жүзеге асыруға өз үлестерін қосып келеді. Әрбір атқарылған жұмыс пен қабылданған шешімнің артында ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың қажырлы еңбегі жатыр», – деді Әділет Нұрсағатұлы.
Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен халыққа сапалы қызмет көрсетудегі олардың рөлін ерекше атап өтті.

Салтанатты шара барысында қызметтік міндеттерін адал әрі сапалы атқарған бірқатар мемлекеттік қызметшілер марапатталды. Атап айтқанда, үздік қызметкерлерге Абай облысы әкімінің Алғыс хаты, Семей қаласы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.



Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған іс-шара сала қызметкерлерінің еңбегін бағалап, олардың қоғам алдындағы жауапты міндетін айқындай түскен тағылымды әрі мерейлі жиын болды.

#Семей, #праздник, #Гомударственный служащий