Семейде орталық алаңдағы жаңа жылдық бас шыршаның шамы жағылды

Семейде орталық алаңдағы жаңа жылдық бас шыршаның шамы жағылды

Семей қаласының орталық алаңында жаңа жылдық бас шыршаның шамын жағу рәсімі өтті. 

Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Аймақ басшысы өз құттықтауында Жаңа жылдың әр шаңырақ үшін маңызына тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мерекенің отбасылық құндылықтарды нығайтатын ерекше кезең екені туралы айтқан сөзін еске салды.

Фото: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

 Жаңа жыл – өткенді саралап, болашаққа үмітпен қарайтын, бірлік пен ынтымақты дәріптейтін мейрам. Бүгін біз бір үйдің баласындай бас қосып, өңіріміздің татулығы мен берекесін тағы бір мәрте көрсеттік. Өтіп бара жатқан 2025 жыл облысымыз үшін нәтижелі болды. Алдағы жылы да даму қарқынын бәсеңдетпей, жаңа жобаларды жүзеге асырып, әр отбасыға жайлы, әр балаға қауіпсіз, әр азаматқа мүмкіндік беретін аймақ құру жолында еңбек етеміз, – деді Берік Уәли.

Жаңа жыл қарсаңында қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында демеушілердің қолдауымен орталық алаңдағы Арбат бойы жұлдызды аспан бейнесіндегі шамдармен безендірілді. 

Биыл облыста әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандар пайдалануға беріліп, жолдар жөнделді, елді мекендердің инфрақұрылымы жақсара түсті. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында атқарылған жұмыстар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталды.

Фото: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Шара соңында эстрада жұлдыздары Әйгерім Қалаубаева, Әділет Жауғашар және жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынып, жиналған жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


#Семей, #Абайская область, #елка, #новый год